Өткен жылы еңбек нарығында қандай шаралар қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты елде карантиндік шаралардың қабылдануы еңбек нарығына айтарлықтай ықпал еткені белгілі. Осыған орай ҚР Үкіметі халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бағытында тиісті қадамдарды жүзеге асырды.

Біріншіден, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыссыз адамдарды, оның ішінде қысқартылған жұмысшыларды қолдау көрсетуге тарту жұмыстары жүргізілді. Бұл тұрғыда қысқа мерзімде оқыту, кәсіпкерлік бағытында көмектесу, субсидияланатын жұмыс орындарына бағыттау ескерілді. 2020 жылы бағдарламаға қатысатындар құрамына 600 мыңнан астам адам енгізілді.

Екіншіден, халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша дағдарысқа қарсы қадамдарды жүзеге асыру мақсатында Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Жол картасының мақсаты – жұмыспен қамту, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу, халықтың табысын қамтамасыз ету, сондай-ақ елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау.

Осы мақсатқа жету үшін Жол картасы аясында тиісті қызметтер мен нысандар бойынша инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Бұл бағытта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және демалыс, халыққа қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандарын салу мен жөндеуден өткізу, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру жұмыстары қамтылды.

Осы арқылы аталған жобаларды жүзеге асыру тұрғысында Жол картасы бойынша 237 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Мұның жартысынан астамы халықты жұмыспен қамту орталықтарының мүмкіндіктері арқылы толтырылды.

Үшіншіден, еліміздегі басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысқа тарту бағытында тиісті іс-шаралар ұйымдастырылды. Бизнестің жол картасы, индустриалды-инновациялық даму, өңірлерді және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, Цифрлы Қазақстан, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», туристік саланы дамыту бағыттарында 546 мың жұмыс орны құрылды.

Осы арқылы, 2020 жылы жұмыспен қамтуға қолдау көрсету іс-шараларымен 1 миллионнан астам адам қамтылды.

Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 атқарған жұмыстарына байланысты есебінде 2020 жыл COVID-19 пандемиясына байланысты бүкіл әлем үшін қиын сынақ болғандығын айтты.

«Пандемиямен және оның салдарымен күрес Үкіметтен аурудың өсуін тоқтату және халық пен ел экономикасы үшін ауқымды теріс салдарлардың алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауды талап етті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен кірістерінен айырылған адамдарға ең төменгі жалақы (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдерді беру тетігі жедел түрде әзірленіп, іске қосылды. Төтенше жағдай және карантиндік шектеу іс-шаралары кезеңінде барлығы 4,6 млн адам жалпы сомасы 476,1 млрд теңгеге осындай төлемдер алды. Сондай-ақ, төтенше жағдай және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алды»,-деді министр.

Сондай-ақ ол сөзінде елде халықты жұмыспен қамту бойынша үлкен жұмыс жүргізілгендігін атап өтті.

«Дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмыспен қамтудың жол картасы әзірленіп, табысты іске асырылуда. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында 1,2 млн жұмыс орнын құру және сақтап қалу және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мүмкін болды. Бұл ретте, қиын жағдайға қарамастан, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындау қамтамасыз етілді»,-деді Біржан Нұрымбетов.


Соңғы жаңалықтар