Өткен жылы елорда бюджетінің кірісі артығымен орындалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласының бюджет кірісі артығымен орындалды. 2019 жылмен салыстырғанда бюджеттің жеке кірісі 76 млрд 66,6 млн теңгені құрады, яғни табыс 26,6 пайызға өскен. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы қала бюджетіне 696 млрд 940 млн теңге қаржы түсті. Есеп бойынша жоспар 35 млрд 899 млн теңгеге артығымен орындалды. Жеке кірістің жиынтық көлемі 361 млрд 717 млн теңге немесе 11 пайызды құрайды. Салық бойынша түсім 332 млрд 479 млн теңгені құраса, ал салықтан бөлек түсім 11 млрд 796 млн теңгені құрап, жоспар артығымен орындалды. Сонымен қатар сатудан түскен негізгі капитал көлемі 17 млрд 440 млн теңге немесе 2 млрд 508 млн теңге қосымша табыс түсті. Қала бюджетінің кірісі негізінен салық түсімінің есебінен артығымен орындалып отыр», - деді Әліби Жұмаев елорда мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында жасаған баяндамасында.

Одан бөлек, басқарма басшысы өткен жылы елордада жеке табыс салығының да артығымен орындалғанын тілге тиек етті (122 млрд 404 млн теңге) және әлеуметтік салықтың жалпы көлемі 89 млрд 521 млн теңгені құрағанын айтып өтті.

«Сондай-ақ, 2020 жылы біздің басқарма отандық биржа қорында 93 млрд 578 млн теңге тұратын мемлекеттік бағалы қағаз шығаруды ұйымдастырды. Оның 49 млрд 548,6 млн теңгесі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында үй салуды қаржыландыруға жұмсалды. Сол сияқты 44 млрд 30 млн теңге өткен жылы дағдарысқа қарсы шара қолдану аясында жол картасына құйылды. Нәтижесінде 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда бюджеттің жеке кірісі 76 млрд 66,6 млн теңгені құрады, бұл жеке кірістің 26,6 пайызға өскенін көрсетіп отыр», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар