Өткен жылы цифрлық қызмет экспорты 333 миллион доллардан асты – Бағдат Мусин

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк жариялаған деректерге сәйкес, 2022 жылы цифрлық қызмет экспорты 333 миллион доллардан астам көрсеткішті құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есе жоғары!

Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстанда қолайлы реттеушілік ортаны құру, қолдау жұмыстары, сондай-ақ адами капиталды дамыту бойынша қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде, отандық IT-компаниялардың табысты деңгейде қалыптасуына және шетелдік IT-компанияларды тартуға барлық жағдай жасалған.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы Қазақстан халқына жолдауында Үкіметке цифрлық индустриядағы қызметтер мен тауарлар экспортын 2025 жылға қарай 500 миллион долларға дейін арттыруды тапсырды.

«Осы ретте, отандық IT-компаниялардың жақын және алыс шетелдерге (АҚШ, БАӘ, РФ, Испания және Ұлыбритания және т.б.) белсенді түрде экспортталатын өнімдерді әзірлейтінін атап өткім келеді.

Сонымен қатар, Google for Startups, Draper University және басқалармен бірлескен акселерациялық, яғни жеделдетілген бағдарламалар біздің компанияларымыздың әлеуетін арттырады және оларды барынша бәсекеге қабілетті нарықтарға шығуға дайындайды.

Ел басшылығына, барша әріптесіме, IT-компанияларымыздың және стартаптарымыздың өкілдеріне саланы дамытуға және ұлттық экономиканы әртараптандыруға күнделікті үлес қосып жүргендері үшін алғыс айтамын.

Бірлескен күш-жігердің арқасында бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдімін!»,-деді министр.


Соңғы жаңалықтар