Өткен жылы Астана бюджетіне 937 млрд теңге түскен – Мәслихат

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қалалық қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев елорданың 2022 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы Астана қаласы бюджетіне 937 млрд 646 млн теңге түсті немесе 30 млрд 153 млн теңгеге асыра орындалды.

«Меншікті кірістердің жиынтық көлемі 898 млрд 608 млн теңгені құрады немесе 103,8 пайызға орындалды. Соның ішінде салық түсімдері бойынша түскені 556 млрд 603 млн теңге немесе 29 млрд 461 млн теңге асыра орындалды. Салықтық емес түсімдер бойынша 19 млрд 576 млн теңге немесе 114,8 пайыз көрсеткіш бар, қосымша 2 млрд 520 млн теңге түскен», - деді Ә. Жұмаев Астана қалалық мәслихатының отырысында.

Сонымен бірге, Астана қаласы бюджетінің 2022 жылғы шығындары 954 млрд 309 млн теңгені немесе 98,3 пайызды құрады.

«Шығыстардың жалпы сомасының 1,6 пайызы игерілмеді. Пайдаланылмаған қаражаттың жалпы сомасының 41,9 пайызы – көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына, 33,33 пайыз – құрылыс басқармасына, 12,7 пайыз – отын-энергетика кешені және коммуналды шаруашылық басқармасына, 4,4 пайыз – білім басқармасына, 1,7 пайыз – жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына тиесілі. Қалған игерілмеген сомалар басқа басқармаларда байқалған», - деді Әліби Жұмаев.

Бюджет қаражатын игермеудің басты себептерінің бірі – құрылыс материалдарының қымбаттауы және жобалық сметалық құжаттаманы түзету болған.

«Оған қоса, 2022 жылғы республикалық бюджетке нақтылау жүргізілген. Бұл қаражатты басқа жобаларға қайта бөлуге мүмкіндік бермеді», - деп түсіндірді Қаржы басқармасының басшысы.


Соңғы жаңалықтар