Өткен жылы 4 мыңнан аса егіз және 43 үшем дүниеге келді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы елімізде 4 216 егіз және 43 үшем дүниеге келді. Мұндай мәлетті Ұлттық статистика бюросы ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство мәліметінше, 2021 жылы Қазақстан Республикасында АХАТ органдары 446 491 баланың туғанын тіркеді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға көп және соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қалалық жерде туғандар саны – 262 507 сәби (58,8%), ауылдық жерде – 183 984 сәби (41,2%).

2021 жылдың нәтижесі бойынша 230 272 ұл (51,6%), 216 219 қыз (48,4%) туған. Туған кездегі жыныстардың арақатынасы 100 қыз балаға шаққанда 106,5 ер баланы құрайды.

Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 2021 жылы 23,50 (2020ж. – 22,76) туғандарды құрады. Қалалық жерде – 23,34 (2020ж. – 22,60), ауылдарда – 23,75 (2020ж. – 22,98).

Қазақстан өңірлерінің ішінде туудың ең жоғары деңгейі Шымкент қаласында (1000 тұрғынға шаққанда 32,35 туу), Маңғыстау (31,98) және Түркістан (31,58) облыстарында байқалды. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан (12,01), Қостанай (12,97) және Павлодар (15,58) облыстарында тіркелді.

Ұрпақты болу кезеңінде (15-49 жас) бір әйелдің орта есеппен алғанда дүниеге әкелген балаларының санын көрсететін туудың жиынтық коэффициенті (ТЖК) 2021 жылы республика бойынша 3,32 құрады (2020 ж - 3,13), қалалық жерде – 3,08 (2020 ж - 2,89), ауылдарда – 3,75 (2020 ж – 3,53).

Ел өңірлері бойынша ең жоғары ТЖК деңгейі Түркістан (5,10), Маңғыстау (4,57) облыстарында, ал ең төмені – Қостанай (1,88) және Солтүстік Қазақстан (1,97) облыстарында байқалды.

2021 жылы әйелдердің бала туу кезіндегі орташа жасы 29,5 (2020 ж – 29,3), қалалық жерде – 29,9 (2020 ж – 29,6), ауылдарда – 29,1 жасты (2020 ж – 28,9) құрады.

Қазақстанның басым өңірінде бала туу кезіндегі әйелдердің орташа жасы орташа республикалық деңгейден жоғары болды. Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш - 33,3 жасты, Нұр-Сұлтан қаласында - 30,3 жасты, Алматы қаласында 30,2 жасты құрады.

2021 жылы дүниеге бірінші баланы әкелудің үлесі 2020 жылмен салыстырғанда сол деңгейде қалды. Екінші және үшінші баланы туу төмендеді, ал төртінші және келесі туулар үшін өсті. Өткен жылы 4 216 (2020 ж – 4286) егіз және 43 (2020 ж – 45) үшем дүниеге келді.


Соңғы жаңалықтар