Өткен жылы 26 мыңға жуық жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы 26 мыңға жуық жүргізуші көлік жүргізу құқынан айырылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы шамамен 5,6 млн жол жүру ережесін бұзу фактісін анықтадық. Оның ішінде 2 млн-нан астамы - жылдамдықты арттыру, 1,6 млн - белгілер мен жолақтар талабын бұзу, 264 мыңы - жарық аспабын пайдалануды бұзу, 221 мыңы - жолаушы мен жүк тасымалдау ережесін бұзу және 188 мыңы - аялдама және тұрақ ережесін бұзу. Көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 21,4 мың жүргізуші ұсталды. 25,9 мың жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылып, 21 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынды», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның атап өтуінше, елімізде жол-көлік оқиғасының негізгі үш түрі кезінде, атап айтқанда, жаяу жүргіншіні қағу, көліктің аударылуы және көліктердің бетпе-бет соқтығысуы кезінде өлім-жітім көп болады.

Яғни, жол апатынан қаза тапқандардың 64 пайызы аталған жағдайлар орын алған кезде мерт болатыны анықталып отыр.

«2020 жылы елді мекен аумағында жылдамдықты асыру салдарынан 2 783 жол апаты орын алып, 397 адам қаза тапты және 3 508-і жарақаттанды. Маневр жасау ережесін бұзу салдарынан 2 430 оқиға тіркеліп, 198 адам қаза тапты, жарақаттанғандар 3 мыңнан асып жығылады. Елімізде болатын әрбір оныншы оқиға қала сыртында жылдамдықты арттыруға қатысты болып отыр. Өткен жылы 1 456 оқиға салдарынан 400-ден астам мерт болды және 2 мыңнан астам адам жараланды», - деді Серік Түсіпов.


Соңғы жаңалықтар