Өткен жылы 25 бала терезеден құлап көз жұмған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы 200-ге жуық бала терезеден құлап, оның 25-і көз жұмды. Мұндай деректер Ашық НҚА порталында жарияланған «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында» келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, республикада жыл сайын 600 мыңнан астам адам жарақат алады. Оның 22%-дан астамы немесе 130 мың бала мұзға түсіп кету, терезеден құлау, жол-көлік апаты сияқты оқиғаларға ұшырайды. Яғни, күн сайын 360 бала зардап шегеді. Тек өткен жылы ғана балалардың терезеден құлауының 200-ге жуық фактісі тіркелді. Салдарынан 25 бала қайтыс болды. Жол апатынан 232 бала қаза тауып, 3 652 бала зардап шекті», - деп жазылған Оқу-ағарту министрлігі талқылауға шығарған тұжырымдамада.

Сонымен қатар өткен жылы министрлік республика бойынша балалардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жүргізген.

Оның нәтижесінде бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің әл-ауқат деңгейі орта есеппен 55,3 бал болды.

Әсіресе, Қостанай (49,7 балл), Батыс Қазақстан (47,4 балл) және Ақмола (43,8 балл) облыстары балалар үшін әлеуметтік тұрғыдан қолайсыз өңірлер деп танылды.

Бұған қоса, министрлік ұсынған ақпаратқа сай, өткен жылы балаларға қатысты жыныстық сипаттағы 719 қылмыс жасалды.


Соңғы жаңалықтар