Өткен жылы 21 мың тонна уран өндірілді - Әсет Мағауов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстанда уран өндірудің көлемі туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз уран қоры бойынша әлемде екінші орындамыз. Оның қоры 1,5 млн тоннаға бағалануда. Өндіру бағытында біз әлемде бірінші орындамыз. Былтыр 21,6 мың тонна уран өндірдік. Жалпы, ресурстық базаны ары қарай кеңейту бойынша елеулі перспективалар бар. Ұлттық компания алдында толық отын циклін құру тұрғысында тиісті міндет тұр», - деді Ә. Мағауов.

Осы орайда, вице-министр Өскеменде қажетті зауыт салынып жатқанын, 2019 жылы бұл зауыт пайдалануға берілетінін атап өтті.

«Сонымен бірге, Үлбі зауытында қытайлық серіктестер үшін таблеткаларды өндіру іске қосылды. Бізде ұлттық ядролық орталық аясында зерттеу реакторлары бар, оларда радиациялық қауіпсіздік бойынша түрлі материалдарды зерттеу жүргізіледі», - деді ол.

Мұнымен қоса, Ә. Мағауов Қазақстанда «Тоқамақ» зерттеу реакторы салынғанын еске салды.

«Биыл оны іс жүзінде пайдалану ескеріліп отыр. Жалпы, реактор 100 пайызға дайын тұр. Қазіргі кезде осы реакторда тұрақты плазманы алу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл келісім аясында ешқандай шектеулерді көріп тұрғанымыз жоқ», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғанда, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

«Семей сынақ полигонын жабу туралы Елбасының тарихи шешімі Қазақстан халқының кең қолдауына ие. Шартты ратификациялау Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларымен толықтай сәйкес келеді. Осы заң жобасын қабылдау республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаражат бөлуді талап етпейді», - деді Ержан Ашықбаев.

Соңғы жаңалықтар