Өткен жылы 13 мың балаға мүгедектік берілді – ДСМ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі мүгедектік көрсеткіштерін және оның басты себептерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүгедектік – халық денсаулығының маңызды көрсеткіштерінің бірі, әлеуметтік және емдеу-алдын алу шараларының сапасы мен тиімділігінің индикаторы болады. Мүгедектік проблемалары медициналық, әлеуметтік және кәсіптік салаларға әсер ететін ведомствоаралық сипатқа ие. Мүгедек адамдардың саны созылмалы ауруларға және халықтың қартаюына байланысты өсіп келеді», - деді А. Ғиният Үкіметтің бүгінгі отырысында.

1 қаңтардағы жағдай бойынша мүгедектердің жалпы саны 700 мыңға жуықтаған, оның ішінде 18 жасқа дейінгі балалар – 98,2 мың адам.

«Ауру салдарынан болатын жалпы мүгедектік құрылымында бірінші орында 18% - психикалық аурулар, 15% - жүрек қан айналым жүйесі ауруларынан және 12% - түрлі жарақаттан болған мүгедектік жағдайлары тұр. Балалар арасындағы алғашқы мүгедектіктің 31% - туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомалық ауытқулар болса, 22% - нерв жүйесінің аурулары, 17% - психикалық бұзылу және мінез-құлықтық бұзылыстар. 2021 жылы 13 131 балаға алғаш рет мүгедектік белгіленген», - деді министр.

Аурулардың профилактикасы, мүгедектікті ерте анықтау және оны төмендету мақсатында жыл сайын алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде ересек тұрғындар мен балалардың нысаналы тобына скрининг жүргізіледі.

Ересек адамдар арасында жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және онкопатология ауруларын ерте анықтауға тексеріледі және 2021 жылдың қорытындысы бойынша 12,2 млн адам скринингпен қамтылған.


Соңғы жаңалықтар