Өткен жыл елдегі конституционализмді орнықтыру мен заңдылықты нығайтудың тағы бір маңызды кезеңіне айналды - И.Рогов

None
None
АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Өткен жыл елдегі конституционализмді орнықтыру мен заңдылықты нығайтудың тағы бір маңызды кезеңіне айналды.


Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық кеңестің төрағасы Игорь Рогов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы Конституциялық кеңес қызметіндегі басым бағыттарының бірі еліміздің басты заңында айтылған конституциялық құндылықтар мен 2007 жылғы конституциялық реформалардың жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан  қамтамасыз ету болды. Сонымен қатар, кеңес қолданыстағы құқықтар жөніндегі заңдылықтар мен жекелеген институттарды дамытуды, еліміздегі құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруді, дағдарыс жағдайында қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын және әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуды  басты назарда ұстады. «Конституция талаптарына сай қолға алынған жаңалықтарды жүзеге асыру мақсатында өткен жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы», «Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот кеңесі туралы» заңдар қабылданды. Сонымен қатар, «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», конституциялық заңдар мен «Саяси партиялар туралы» заңға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірлестік мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған қоса Конституцияның жаңа нормалары негізінде алғаш рет жергілікті өзін өзі басқарудың заңдық негіздері айқындалды», - деді Конституциялық кеңес төрағасы.

Оның  айтуынша, Конституциялық кеңес бұдан бұрын қабылданған қаулыларды негізгі заңның өзгертілген ережелеріне сәйкестендіру жөніндегі жұмыстарды жалғастырды. Конституциялық кеңес өзінің конституциялық өкілеттігін іске асыру шеңберінде Елбасы мен Парламент Сенаты Төрағасының және Премьер-Министрдің бірқатар өтініштерін қарады.

Соңғы жаңалықтар