Өткен тәулікте пештің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан елде 8 адам ыстан уланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте республика аумағында пеш ақауының салдарынан 8 адам ыстан уланып, 2 адам жылыту қазандығының жарылуынан түрлі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан тағы 5 адамға ыс тиген.

Осылайша, Алматы қаласындағы Алатау ауданының Шаңырақ-1 шағынауданында табиғи газбен жанатын пештен газ шығуы салдарынан 2016, 2017, 2020 жылғы үш бала иіс тиіп, ауруханаға жеткізілді. Балалардың жағдайы орташа ауыр.

Шығыс Қазақстан облысында азаматтардың иіс тиіп улануының екі оқиғасы тіркелді. Аягөз ауданының Аягөз қаласындағы бірқабатты тұрғын үйдің пәтерінде көмірмен жанатын пештің ақауы салдарынан 1952 жылғы ер адам мен 1955 жылғы әйел иіс тиіп уланып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оқиғаға пеш мұржасының тазаланбауы себеп болды.

Екінші оқиға Шемонаиха ауданының Шемонаиха қаласында болды. Бірқабатты, беспәтерлі үйдегі №5 пәтерде көмірмен жанатын пеш ақауының салдарынан пәтер иесі, 1976 жылғы әйел иіс тиіп уланған. Ол ауруханаға ауыр халде жеткізілді. Оқиғаға пеш мұржасының (түтіндік) тазаланбауы себеп болды.

Тағы бір оқиға Ақтөбе қаласында тіркелген. «АЗФ-9» бақша егу ұжымындағы саяжайда көмірмен жанатын пеш ақауы салдарынан 2007 және 2011 жылы дүниеге келген балалар иіс тиіп уланған. Олар ауруханаға орташа ауыр халде жеткізілді. Оқиға пеш мұржасының (түтіндік) тазаланбауы себебінен болған.

Алматы облысына қарасты Кербұлақ ауданының Сарыөзек кентіндегі жекеменшік тұрғын үйде жылыту қазандығы жарылып, үйдегі 2 шаршы метр аумақта көмірмен жанатын пеш пен қабырға жарым-жартылай қираған. Күйік шалып, жарақат алған үйдің иесі, 1963 жылғы әйел мен 1985 жылғы ер адам ауруханаға жеткізілді. Алдын ала нұсқа бойынша, жарылысқа себеп – көмірмен жанатын пешті пайдалану ережелері бұзу. Қазандықтың ішінде су болмаған.

Адамдардың тұрғын үйлерде иіс тиіп қаза болуын болдырмау мақсатында ТЖМ пешті дұрыс тексеріп, оны пайдалану ережелерін қатаң сақтауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар