Өткен шақырылымдағы партиялар өздерінің кәсіби жарамсыздығын көрсетті - ЖСДП төрағасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахымжанов сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарына тоқталып, жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Олигархияға негізделген экономикадан арылатын кез келді. Қазақстан экономикасы - бұл қарапайым бөлшек сауда. Яғни, «сатып ал да – саудала», басқа ештеңе жоқ. Тек кейбір адамдар байып, миллиондаған азаматтар кедей болатын процесті тоқтату керек. ЖСДП не ұсынады? Біріншіден, оффшорлық шоттардағы барлық қаражатты елге қайтару орынды. Бұл одан әрі жүргізілетін реформалар үшін қажет. Екіншіден, экономиканың құлдырауына алып келуі мүмкін үлкен кәсіпорындардың өндірісін жүйлі жолға қойып, оларды одан әрі кеңейту керек. Үшіншіден, байлықты өндіру және экспорттау салаларын біртіндеп ел меншігіне алу қажет. Мұнай, уран және алтын сияқты қазба байлықтар жекеленген адамдардың игілі мен басқаруы үшін берілген жоқ. Төртіншіден, кім көп ақша тапса, сол бюджетке көбірек салық төлеуі тиіс. Бұл әрине тиімді әлеуметтік саясатты жүргізу үшін қажет», - деді ол КТК телеарнасының тікелей эфирінде өткен сайлауалды пікірсайыста.

Сонымен қатар Асхат Рахымжанов тұтынушылық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені – 16%, ал кепілдік бойынша ұсынылатын кредит пен ипотеканың үстемесін 10%-ға дейін төмендету қажет екенін айтты.

«Тағы бір маңызды мәселе – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық халқымыздың өркендеуіне кедергі келтіреді. Онымен ашық және аяусыз күресу керек. Жемқорларды түрмеге жабу керек. Парламент те ашық болуы тиіс. Онда балама пікірлер еркін айтылуы қажет. Өткен шақырылымда болған партиялар өздерінің кәсіби жарамсыздығын көрсетті. Олар қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғамайды. Бағалар негізсіз қымбаттап жатыр. Мәселен, сіз дүкендерде қарыз дәптерлерінің бар екенін жақсы білесіз. Адамдар қарызға тамақтанады, қарызға өмір сүреді. Бұл дәптерлер біздің халқымыздың жағдайының нашарлағанын айғақтайды.», - деп түйіндеді Асхат Рахымжанов.

Ол сыбайлас жемқорлықты жеңу үшін ЖСДП-ға дауыс беруге шақырды.

Еске салйық, Парламент Мәжілісі сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдері арасында пікірсайыс КТК телеарнасының тікелей эфирінде өтті.

Оған «Amanat» партиясынан Айдос Сарым, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Динара Шүкіжанова, Қазақстан халық партиясынан Ермұхамет Ертісбаев, «Байтақ» жасылдар партиясынан Айнұр Сәбитова, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Дәния Еспаева, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Асхат Рахымжанов қатысты.


Соңғы жаңалықтар