Өткен күндерді еске алсам әлі күнге дейін көзіме жас аламын- Анна Горина

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Қазақстанға қоныс аударған ақтөбелік Еңбек ардагері Анна Горинаның өмір жолы аңызға бергісіз. Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында ол қиындық пен қияметке толы тағдырын көзіне жас ала отырып баяндады, деп хабарлайы ҚазАқпарат.

Қазақстанға кезінде біресе кемеге, біресе теміржол арқылы әзер жеткен ол жалаң аяқ келіп, мақта теріп, оқып, жоғары білімге де қол жеткізген. Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбедегі еңбек еткен жылдары мен қазақ халқының қонақжайлылығын естен кетпейтін кездер ретінде еске алады.

Анна Горина-Диль 1934 жылы дүние келген. Соғыс басталған жылдары оларды алдымен пойызға отырғызып, кейін кемемен Грузиядан Қазақстанға жеткізді. Сол кезде Анна Горинаның жасы 7-де болды. Пойыздан түскен соң бәрін өгіз арбаға отырғызып, Оңтүстік Қазақстандағы Политотдел ауылына апарды. Кимешек киген аналар жылап қарсы алды, оларға қосылып балалары да көзіне жас алды.

«Біз қолымыздағы бір сөмкемен ғана келдік. Жылап тұрған адамдарды көргенде «фашистермен соғысып жатқанда бізге немістерді әкелді» деп ойлап жатқан шығар деген ой келді. Бірақ бәрі бізді жақсы қарсы алды. Ауыл үлкен еді. Неміс, қарашай, әзербайжан, түрік, беларусь, армяндар мен гректер, татарлар келді. Көпұлтты ауылда ешкім ұрлық жасамады, қылмыс болмады. Бұл 1941 жыл болатын. Біз жер аударып, Тбилисиден соң Қазақстанға қоныстандық», - деді Анна Горина-Диль.

Олар анадан 9 бала болғанымен, Қазақстанға тек төртеуі келді. Бірақ соғыс жылдары Анна Горина үш бауырынан айырылды. Бәрі де дертке шалдығып, көз жұмды.

«Келген соң бір апта өтіп әкемізді жұмысқа алып кетті. Бізге 1 бөлме беріп, қоныстандырды. Көп ұзамай әкеміз де көз жұмып, анам екеуміз қалдық. Соғыс аяқталып, егін науқаны басталды. Политотдел ауылында тұрып, 5-6 шақырым қашықтықтағы Славянка ауылына нанға барамыз. Бізге бір нан береді. Мен жол бойы жартысын жеп, үйге келетінмін. Анамыз таңнан кешке дейін жұмыста болды. Сол кезде балаларға көршілері көмектесіп, азық берді. Ес біле біз де жұмысқа кірістік. Таңнан кешке дейін мақта тердік. Ал бидай жинаған кезде жалаң аяқ алқапта жүрдік. Жинап, төмен қарай басымызды иіліп, аузымызға қомағайлана дән салатын едік. Бәрі күнкөріс қамы болды», - деді ол.
null null

Анна Горина мектепке барып, білім алуды ойламады, күнкөріспен жүрді. Жасы 17-18-ге келсе да мақта алқабынан шықпады. Жазда мақта жинаса, қыста сабағын кесіп, отқа жақты. Алдымен өздеріне жинап, кейін әлі келмейтін адамдарға тасып, табыс тапты.

«Анам екінші рет тұрмыс құрып, бауырым дүниеге келді. Біз алғашқы үйімізді сатып алдық. Аядай үйде тұратын едік. Таңертең ерте тұрып, сиырдың соңынан жүгіреміз. Қиын жинап алып, оған аз ғана шөп қосып, қысқа дайындық жасалды. Сол жылдары өзеннің суын іштік. Төрт шелек көтеріп, үйіме әкелдім, кейін қарияларға көмектестім. Олар маған ақысын төледі», - деді еңбек ардагері.

Анна Горина табыс табу үшін сауда жасауға да машықтанды. Ауылдан Ташкентке барып, қант, тәтті нан әкеліп, сатты. Жолда жаяу да жүрді, көлік те тоқтатты. Өсе келе жұмыртқа сатты. Сол жолмен анасын, бауырын бақты. Ал бойжеткен соң оқуға барды. Анна Горина 7 сынып білім алды. Бірақ құжаттарын реттей алмай, ол еңбегі де еш кетті.

Шымкентте шұлық сататын фабрикада жұмыс істеп, тағы еңбекке араласты. Сол кезде жұбайы Анатолий Горинмен танысып, көңіл қосты. Көп ұзамай Саратовқа қоныс аударды. Оқу аяқталған соң Алматыға келіп, әскери әуежай салу міндеттелді. Бірақ жауапты құрылыстан Анатолий Горин бас тартып, Ақтөбеге тұрғын үй салуға жіберілді. Бұл 1959 жылдың сәуір айы еді.
null

«Ақтөбеде ештеңе болмады, боран, аяз еді. Алғашында қонақүйде тұрып, кейін пәтер берілді. Ол Ақтөбедегі мәдени, спорттық, әлеуметтік нысандардың бәрінің құрылысына атсалысты. Сол күннен бастап 2011 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп, тер төкті. Тіпті, Ақтөбедегі орталық саябақтың құрылысын бастап кеткен болатын. Қаланың әр нысанын сол жоспарлап, сызбасын дайындады. Бәрі маған ыстық, жылы көрінеді», - деді ол.

Анна Горина Ақтөбеге келген соң 5 сыныптан бастап қайта оқып, қолына аттестат алды. Кейін Алматы сауда техникумын тәмамдап, дипломмен жұмысқа кірісті. Сауда саласында еңбек етіп, әскери салаға ауысты. Сөйтіп 25 жыл бойы әскери бөлімде қойма басшысы қызметін атқарды.

«Бізді неміс, фашист деп ешкім нұқып көрсетпеді. Жаны жайсаң отбасыға тап болғандай әсермен өмір сүрдік. Бәрі күнкөріс, табыс үшін жанталасты. Бір-бірімізге көмектестік, барымызды бөлістік. Маған өткен күнді еске алу қиын әлі күнге дейін бәрі қаз-қалпында көз алдымда, көзімнен жас кетпейді. Ал қазір бәрі бейбіт, тоқшылық. Осы күнімізге ризамыз», - деді Анна Горина.

null

Соңғы жаңалықтар