Өткен айда өнеркәсіп кәсіпорындарында іскерлік белсенділік бірқалыпты болды - Статистика агенттігі

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -2009 жылдың тамыз айында еліміздегі зерттеу нысанына іліккен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы іскерлік белсенділік алдыңғы аймен салыстырғанда өзгерген жоқ. 

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Статистика агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Зерттеулер нәтижесі ағымдағы жылдың тамыз айында шілде айымен салыстырғанда өткізілген өнімге сұраныстың елеулі өзгерісі болмағанын көрсетті. Сондай-ақ, талдау шаралары есепті кезеңде дайын өнім қорларының да сол қалпы қалғанын көрсеткен. Бұдан басқа, сауалнамаға қатысқан кәсіпорын басшыларының басым бөлігі жақын арадағы 2-3 айда өндiрiс көлемдерiнiң өсуін болжайды. Ал күтiлетiн өндiрiс көлемінiң өзгерiсiн бағалау балансы ағымдағы жылғы тамызбен салыстырғанда  9 пайыздық тармаққа өсетіні күтіледі», делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұдан басқа,  сауалнамаға қатысқан кәсіпорын басшылары тамыз айында тауар айналымы және тауар қорлары деңгейіне қатысты елеулі өзгерістер болмағанын көрсеткен. Бұл уақытта  өткен кезеңмен салыстырғанда зерттеу нысанына іліккен  кәсіпорындардың қаржылық-экономикалық ахуалының тұрақталуы байқалыпты.  Респонденттер жақын арадағы 2-3 айда бұл көрсеткіштің жақсаруын күтетінін белгілеген. Осы мәселелерді ескергенде, ағымдағы жылғы тамызда өткен аймен салыстырғанда зерттелген кәсіпорындардың іскерлік белсенділігі сәл-пәл артқан.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан кәсіпорын басшыларының басым бөлігі  алдағы  2-3 айда кәсіпорындардың іскерлік белсенділігінің аз-маз кемуі мүмкін деп болжаған.

Соңғы жаңалықтар