Өткен аптадағы спорт саласындағы ерекше оқиғалар
2022 жылғы 14 тамыз 16:21

Өткен аптадағы спорт саласындағы ерекше оқиғалар

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен аптада ел спортында көптеген жаңалықтар болды. Футболдан қазақстандық клубтар еурокубок ойындарында бәсекеге түссе, өзге де сайыс түрлерінен саңлақтарымыз жүлделі орындардан көрінді. Кейбірінде қарсыластарға есе жіберіп қойсақ, ендігі бірінде мерейіміз үстем болды. ҚазАқпарат тілшісі спорттағы сол оқиғаларды тағы бір мәрте ой сарабынан өткізіп көрді.

Футболдан әлем чемпионатында өзгерістер бар

Катарда өтетін футболдан әлем чемпионаты жоспарланған кестеден бір күн бұрын, яғни 20 қарашада басталады.

«ФИФА-2022 әлем чемпионаты жергілікті және шетелдік жанкүйерлер үшін тіптен мерекелік сипатта басталатын болды, өйткені қабылдаушы ел Катар енді Эквадормен жексенбі, 20 қараша күні сағат 19:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00) кездеседі. Билет иелеріне матчтардың ауыстырылғаны туралы электрондық пошта арқылы хабарланады және олардың билеттері жаңа күн/уақытқа қарамастан жарамды болып қалады. Сонымен қатар, ФИФА осы өзгерістен туындайтын кез келген мәселелерді шешуге тырысады», - деп мәлім етті ФИФА.

Бұған дейін чемпионаттың бірінші матчы 21 қарашада Сенегал мен Нидерланд арасында өтеді деп жоспарланған. ФИФА шешімінен кейін бұл матч 21 қараша сағат 19:00-ге ауыстырылды, яғни Катар мен Эквадор арасындағы ойынға бөлінген кешкі уақытқа ауысты.

Еурокубок ойындарындағы сәтсіздік

Биыл футболдан еурокубок ойындарында еліміздің атынан 4 команда сынға түсті. Дегенмен олардың ешқайсысы топтық кезеңге шыға алған жоқ.

Осы аптада футболдан UEFA Конференция лигасы үшінші іріктеу сатысында «Тобыл» және «Қызылжар» командалары қарымта ойындар өткізді. Аталған командалар алғашқы кездесуінде қарсыластарына 0:1 есебімен жол берген еді.

Қарымта кездесуде «Тобыл» Босния және Герцоговинаның «Зриньски» командасымен 1:1, «Қызылжар» Кипрдің АПОЭЛ клубымен 0:0 есебімен тең түсті.

Осылайша қазақстандық командалар қарсыластарынан жеңілді.

Еске салсақ, одан бұрын Конференция лигасы екінші іріктеу сатысында «Астана» және «Қайрат» жарыс жолынан шығып қалды.

Шахматшылар шеберлік көрсетті

Үндістанның Ченнаи қаласында өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын қазақстандық ерлер және әйелдер құрамасы нәтижелі ойын көрсетті. Еліміздің шахматтан әйелдер құрамасы 162 команданың ішінен 8-ші орынға ие болды. Жалпыкомандалық есепте Үндістан шахматшылары жеңімпаз атанған.

Аталған бәсекеде еліміздің атынан Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева, Гүлісхан Нахбаева, Назерке Нұрғали секілді спортшылар қатысты.

Ерлер құрамасы турнирді 188 команданың ішінде 20-шы орынмен аяқтады. Бұл бәсекеде жалпы командалық есепте Өзбекстан ерлер құрамасы бірінші орынға ие болды.

Еліміздің ерлер құрамасында Әлішер Сүлейменов, Арыстанбек Оразаев, Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек ойын көрсетті.

Исламиададағы қазақстандықтар жетістігі

Бүгінгі күндері Түркияның Конья қаласында Ислам ынтымақтастығы ойындары өтіп жатыр. Қазіргі дейін қазақстандық спортшылар 43 (13 алтын, 9 күміс, 21 қола) медальмен жалпыкомандалық есепте бесінші орында келеді.

Қазірге дейін суға жүзуші Аделаида Пчелинцева, жеңіл атлет Михаил Ливтин, ауыр атлет Зульфия Чиншанло (59 келі), Арли Чонтей (55 келі), әйелдер күресінен Елена Шалыгина (65 келі) чемпион тұғырына көтерілді.

Ал ауыр атлет Алексей Чуркин күміс медаль алса, Өтепберген Әлиев қола жүлдеге қол созды.

Сондай-ақ, спорттық гимнастикадан ел құрамасы аталған додада 3 күміс, 1 қола алды.

Ал таеквондодан 87 келіде Бауыржан Хасенов, грек-рим күресінен 55 келіде Аманғали Бекболатов қола жүлдеге қол жеткізді.

Ислам ынтымақтастығы ойындары 2005 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Биыл бесінші мәрте жалауын желбіретті.

Биылғы додада 55 елден спортшылар келді. Ойындар 8 тамызда басталды. Ол 18 тамызда мәресіне жетеді.

Жүлделі орындарға таласамыз

Индор хоккейден (жабық ғимараттағы хоккей) еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы Азия кубогы ойындарында жүлделі орындарға таласады. Аталған жарыс Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатыр.

Ерлер құрамасы қай орынға таласатыны бүгін, 14 тамызда Малайзиямен кездесуден кейін анықталады. Содан кейін бас жүлде немесе үшінші орын үшін сайысқа түсетіні белгілі болады.

Айта кетсек, қазақстандық хоккейшілер бұдан бұрын Индонезиямен 4:4 есебімен тең түссе, Сингапурды 6:1, Тайваньды 5:1, Таиландты 6:3 есебімен тізе бүктірді. Тағы бір кездесуде Иранға 3:4 есебімен жол берді.

Қазақстандық хоккейшілер бұған дейін Азия кубогында 2014 жылы қола жүлдегер атанса, 2015, 2017, 2019 жылдарда күміс медаль алды.

Ал еліміздің әйелдер құрамасы биылғы турнирде қола жүлдеге таласады. Бұл кездесуде 15 тамызда Малайзиямен шеберлік байқасады.

Бұған дейін олар топтық кезеңде Шри-Ланканы 13:0, Иранды 5:2 Тайваньды 6:0 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалда Таиландқа 0:6 есебімен жол берді.

Қазақстандық хоккейшілер бұған дейінгі Азия кубогы ойындарында 2010, 2012, 2014, 2015. 2017, 2019 жылдарда Азия кубогының жеңімпазы атанған болатын.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT