Өткен аптада 61 адамның ажалы судан келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өткен апта ішінде ел аумағында 61 адам суға батып кеткен. Оның 22-сі бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер арнайы брифингте айтты.

Тек сенбі-жексенбі күндері ғана Қазақстан бойынша 22 адам суға кеткен. Оның жетеуі бала.

«Бір аптада 61 адам көз жұмды. Оның 22-сі бала. Комитеттің қауіпсіздік ережелерін түсіндіру бойынша жүргізген жұмысы нәтиже бермей жатыр. Тұрғындар қауіпсіздік шараларына селқос қарайды. Қайғылы оқиғалардың басты себебі осы. Жабдықталмаған орында шомылу, баланы қараусыз қалдыру, өз күшін дұрыс бағаламай. Ақмола облысында 11 адам қаза тапқан. Оның үшеуі бала. Алматы, Атырау, Павлодар облысында 3 баладан. Павлодарда бір үйдің екі баласы бір уақытта мерт болған», - деді Владимир Беккер.

Брифинг барысында комитет басшысы БАҚ арқылы үндеу жолдағысы келетінін жеткізді.

«Мамандардың айтуынша, шілденің соңына дейін ыстық сақталады. Яғни, жағажайларда адам қарасы әлі де азая қоймайды. Сондықтан азаматтардан шомылу кезінде қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтауды сұраймын. Ал ересектерден балаларды қараусыз қалдырмауды өтінгім келеді», - деді Владимир Беккер.

Соңғы жаңалықтар