Өткен 10 айда прокурорлар тергеудің 329 мың қаулысын тексерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Прокурордың шешім қабылдау мерзімі де қысқарды.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аймақтарының аражігін ажыратуға қатысты заң жобасын қарау кезінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қылмыстық процеске үш буынды модельді енгізу бойынша түзетулер туралы заң жобасы Президент Жолдауларында берген тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған. Мемлекет басшысы 2020 жылы үш буынды модельді енгізуді тапсырды. 2021 жылы прокурорлардың айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыретін кеңейту қажет деді. Өткен жылдың аяғында Парламент тергеушінің негізгі шешімдерін прокурормен келісу туралы заң қабылдады. Мұндай келісу қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшудің бірінші кезеңі болып саналады. Бұл тәртіп үлгі ретінде Еуропа елдерінен алынды. Осы жылдың басынан бастап тергеу органдарының күдікті деп тану, әрекеттерді саралау, тергеу мерзімдерін үзу, істі тоқтату туралы шешімдерін тек прокурор заңдастырады. Прокурор келісім бермесе, олар заңсыз болып саналады», - деді Әсет Шындалиев.

Оның айтуынша, электронды іс жүргізуді енгізу - процесті жедел әрі жеңіл етуге мүмкіндік берді. Тергеуші істі прокурорға жолдайды, ол өз қаулысын жүйеде әзірлеген кезде, прокурорға бірден электронды хабарлама түседі. Сонымен қатар, прокурордың шешім қабылдау мерзімі де қысқарды. Бұрын істер бір ай қаралса, ал қазір 24 сағаттан үш күнге дейін қаралады. Шешім заңды болғанда прокурор оларға цифрлы қол қойып, келіседі. Ал заңсыз болса, бас тартады.

«Өткен 10 айдың ішінде прокурорлар тергеудің 329 мың қауылысын тексеріп, 287 мың шешімге келісім берді. Қалған шешімдер қолдау таппады және түзету үшін қайтарылды», - деді Бас прокурордың орынбасары.


Соңғы жаңалықтар