Отқа оранған пәтерден 2 баланы құтқарған азамат марапатталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында өртенген пәтерден 8 және 2 жастағы екі баланы алып шыққан Федор Горячкин марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өрт кезінде балаларды ажалдан арашалап қалған Шүлбі кентінің тұрғынына ҚР Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаты берілді.

«6 мамыр күні бесқабатты тұрғын үйде өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер шұғыл келіп жетті. Сол кезде жалын тілі бірінші қабатта орналасқан пәтердегі жиһаз бен жеке заттарды шарпып жатты. Үш иінді баспалдақтың көмегімен екінші қабаттағы 2 әйел құтқарылды. Сондай-ақ подъезден 15 тұрғын, оның ішінде 5 бала эвакуацияланды. Құтқарушылар келгенге дейін 1982 жылғы азамат Федор Горячкин жанып жатқан пәтерден 8 және 2 жасар екі баланы шығарып үлгерген», - делінген хабарламада.

Федор сын сағатта еш ойланбастан балаларды құтқаруға ұмтылған. Екі бала үйде жалғыз қалған екен.

«Сол бір сәтте ойлануға мұрша болмады. Көз алдымда қос баланың өмірі тұрды. Жылдам әрекет етуге тырыстым. Менің орнымда болса кез келген азамат солай істер еді. Сондықтан өзімді батыр санамаймын», - дейді Федор Горячкин.
Соңғы жаңалықтар