Отбасының цифрлық картасы арқылы 5,5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отбасының цифрлық картасы арқылы 5,5 мың азаматқа мемлекеттік қолдау шаралары тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесін пилоттық режимде енгізу арқылы 1 қыркүйектен бастап 20 мың адамға мемлекеттік қызметтер белсенді көрсетілуі үшін SMS жолданды. Бұл ретте өтініш берусіз жәрдемақы немесе төлем алу мүмкіндігін 5,5 мың адам немесе 29,4% пайдаланды.

Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) жәрдемақы, мүгедектігі бойынша жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.

Мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін ақша қаражаты алушының банк шотына аударылады.

Айта кетсек, Отбасының цифрлық картасы – әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе.

Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.

Жобаны іске асыру кезеңдері:

- осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша жаңа форматта қызмет алуға мүмкіндік берілді;

- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап тізбе әлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен кеңейтіледі;

- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі;

- 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында 2023 жылдан Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отырғанын айтқан еді.

Сондай-ақ, Президент Үкіметке Отбасының цифрлық картасы жобасын жыл аяғына дейін іске қосуды тапсырды.




Фото:pbs.twimg.com




Соңғы жаңалықтар