Отбасындағы зорлық-зомбылықтың дені алкогольден болады - маманмен сұхбат

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда алкогольге тәуелділік проблемасы өзекті. Қазақстанда 2018 жылдың қорытындысы бойынша наркологиялық есепте 230 мың адам тұр. Осы тұрғыда Алматы қаласындағы «Аманат Рехаб» тәуелділікті емдеу орталығының бағдарлама басшысы, осы саладағы сарапшы-маман Бекет Тәжікеновпен әңгіме өрбіткен едік.

- Ерлер мен әйелдердің ішімдікке тәуелділігі жайында айтып өтсеңіз.

- Алкоголь адам ағзасын улайды. Ол зат алмасуын бұзады, ағзаның инфекцияларға қарсы тұруын төмендетеді. Іс жүзінде барлық мүшелерді, әсіресе бауыр, ми, жүрек, бүйрек, ішкі секреция бездерін, соның ішінде жыныстық мүшені зақымдайды. Адамның уақытынан бұрын қартаюына да бірден-бір себепші.

Әйелдерде алкогольге тәуелділік ерлерге қарағанда жылдам пайда болады. Себебі, әйел ағзасы спиртті сусындарға сезімтал болғандықтан, онда алкогольдің ыдырауына ықпал ететін ферменттер аз. Мас болу үшін әйелге көп ішудің де қажеті жоқ. Ерлер орташа есеппен 7-10 жыл жүйелі түрде ішімдік ішсе, «тұрақты тәуелділік» қалыптасады. Әйелдерге бұл үшін 3-5 жыл жеткілікті.

- Маскүнемдікке бейім болудың жас шамасына байланысты кезеңдері бар ма?

- Маскүнемдікке бейім келетін ең қиын кезең - жасөспірімдік шақ. Бұл кезеңде олардың ағзасында бірқатар маңызды өзгерістер болып жатады. Маскүнемдікке салыну әуелі әуестіктен, соңынан әр нәрсені сылтау етіп, әйтеуір ішуді мақсат етуден, соны үйреншікті әдетке айналдырудан келіп туады. Оның арғы салдары түсінікті.

Спирт сұйық зат болғандықтан ішкен кезде қанға тез сіңіп, ағзаға күшті әсер етеді. Статистикаға сүйенсек, отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларының үштен екісі және балалардағы қатыгездіктің үштен бірі ата-аналардың маскүнемдігіне байланысты екен. Адам өлтірудің, өзіне қол жұмсаудың 50 пайызы тікелей алкогольге тәуелділіктен туындайды.
null

- Тәуелділіктен құлан-таза айығып кетуге бола ма?

- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде созылмалы алкоголизмге шалдыққан адамды міндетті түрде емдеудің алғашқы курсы бекітілген. Ол курс 3 жылға созылады. Осыдан кейін егер үш жыл бойы аузына ішімдік алмаса, тағы 2 жылдай бақылауда болады. Емдеудің басты мақсаты - спиртті ішімдіктерді ауызға алмауға қол жеткізу. Емдеуден кейін аздап ішсе де, қайта маскүнемдікке салынады.

Ем-домның негізгі үш кезеңі бар, олар - алкогольден улану зардабын жою және жалпы көңіл-күйін қалпына келтіру. Ішімдікке әуестік әдетті жойып, спиртті ішімдіктерге жиіркеніш тудыру. Аурудың қайталанбауына бағытталған емдік шараларды ұзақ уақыт қолдану. Дәрі-дәрмекті және психотерапияны қолданумен қоса, сырқат адамды қамқорлыққа алудың, тұрмыс жағдайын түзейтін әлеуметтік шаралар жасаудың айрықша маңызы бар. Сонымен қатар, маскүнемдерді емдейтін арнайы наркологиялық қызмет орындары мен наркологиялық диспансерлер жұмыс істейді.
null

- Ерлерге қарағанда нәзік жандарды алкоголизмнен емдеуде қиындықтар бары айтылады...

- Иә, шынымен де, ерлерге қарағанда әйелдерді емдеу әлдеқайда қиын. Көп жағдайда әйелдер жан күйзелісіне ұшырайды, өмірдегі сәтсіздіктеріне емді алкогольден іздейді. Ағзаға түскен у аз уақыт аралығында ми жасушаларына тарайды. Мөлшерден тыс қабылдаған жағдайда ми, жүйке жүйесі, бұлшық ет, бауыр ауруларына ұшыратады. Ойлау, есту қабілеті төмендейді. Денедегі барлық ағзалар жұмысы бұзылады.

Жалпы, адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Өнердің, спорттың сан-салалы түрімен айналысуға болады ғой. Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге тырысу керек. Алдамшы құмарлықтан бас тартып, өзін-өзі билей білу - адам бойындағы ізгі қасиет, үлкен парасаттылық.

- Әңгімеңізге рахмет!

Авторы: Үмітбек Бағдатұлы

Соңғы жаңалықтар