Отбасындағы зорлық-зомбылық: БҚО-да үш күнде 29 әйел сенім телефонына хабарласты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бағытында кең көлемде «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» шарасы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Полиция департаментінен мәлім еткеніндей, 13-15 қараша аралығында өткен шараға түрлі ұйымдардың 441 өкілі жұмылдырылды.

Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлері әртүрлі ұйым өкілдерімен бірлесе отырып, кітапшалар таратты, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің іс-қимыл алгоритмін түсіндірді. Барлығы 1897 материал таратылып, үйлердің кіреберісіне сенім телефондарының номері мен сайт мекенжайлары жазылған ақпараттар ілінді.

Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары жатақханаларда тұрып жатқан әйелдерге барып, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді.

Облыстық дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық кеңес берілді.

Негізінен әйелдер жұмыс жасайтын мемлекеттік мекемелерде полиция қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында облыс мектептерінде мектеп инспекторлары ZOOM тәсілімен ата-аналар жиналыстарын өткізді.

Осындай жиындар колледждерде де өтті. Айталық, Орал қаласы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанова А.Иманова атындағы автожол колледжі 1-2 курс студенттерінің ата-аналарымен отбасында дәстүрлі құндылықтарды орнықтыру, құқықтық тәрбие беру бағытында әңгімелесті.

«Менің осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 16 жылға жуықтады. Жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасында зорлық-зомбылық деректерін болдырмау жолында бұдан былай да еңбектене береміз», дейді М.Құспанова.

Сол секілді БҚО полиция департаменті ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Диляра Сатарова Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің 1-курс студенттері ата-аналарымен онлайн кездесу өткізді.

Шара өткен үш күн ішінде отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты 29 әйел сенім телефонына қоңырау шалды. 25 әйелге құқықтық, 15-іне психологиялық көмек көрсетілді. Осы кезеңде 15 арыз-шағым тіркеліп, отбасының шырқын бұзған 5 адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сондай-ақ үш құқық бұзушыға қатысты учаскелік полиция инспекторлары қорғау ұйғарымдарын енгізді.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 277 учаскелік полиция инспекторы, олардың 61 көмекшісі қызмет етеді. Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 2 мыңнан астам қылмысты ашты. 22 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, азаматтардың 30 мыңнан астам өтініші қаралды.

БҚО дағдарыс орталығында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық кеңес беру жалғасады.



Соңғы жаңалықтар