Отбасында жанжал шығарғандар үйіне уақытша кіргізілмеуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған заң жобасы Парламент депутаттары бастамасымен ұсынылып отыр. Бүгінгі таңда отбасылық-тұрмыстық ортада құқық бұзатындардың жауапкершілігін қатайтуға қатысты тиісті шаралар қабылданып жатқанына қарамастан, бұл мәселе өзекті күйінде қалып отыр. Осыған байланысты әзірленген заң жобасында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алу мәселесіне айрықша назар аударылды. Осы орайда, заңнаманың мақсаттары мен міндеттері және қағидаттары күшейтілді», - деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова.

Оның сөзіне қарағанда, құжат аясында өкілетті мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау және оларға қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша нормалар енгізілді.

«Сонымен бірге, отбасында жанжал шығарушылардың мінез-құлқын психологиялық әдістермен түзеудің, қоғамдық бақылау институтын енгізудің тетіктері қарастырылуда. Бұған қоса, полицияның зорлық-зомбылықтың кез келген фактісіне жедел әрекет ету бойынша жауапкершілігі күшейтілуі, сондай-ақ қайғылы жағдайлардың орын алуын болдырмау үшін отбасында өктемдік жасаушыны тұрғын үйден уақытша шығару жөніндегі норма көзделді. Комитет заң жобасымен жұмыс істеуге және 2020 жылғы 23 қыркүйекке дейін қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Г. Әбдіқалықова.

Сонымен қатар, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын жұмысқа алды.


Соңғы жаңалықтар