Отбасында жанжал шығарған 2 мыңнан астам атыраулық жауапқа тартылды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда отбасында құқыққа қарсы әрекет жасап, жанжал көтерген 2 074 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы 11 айда отбасылық жанжалға байланысты 6 939 шақырту түскен.

«Полиция қызметкерлері отбасындағы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар кешенін ұдайы жүргізіп келеді. Биылғы 11 айда отбасында жанжал көтерушілерге қатысты 6 939 дерек тіркелді. Аталған дерекке байланысты 2 074 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына сәйкес (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, 2 670 адамға қатысты қорғау нұсқамасы тағайындалды. Ал, сот шешімімен 504 адамға ерекше талаптар қанағаттандырылды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері отбасында құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ қолайсыз отбасылардағы ахуалды тұрақты тексереді. Осындай санаттағы адамдардың қорғау ұйғарымы шығарған талаптары мен мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген шектеулерді сақтауына ерекше назар аударылады.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері немесе құрбаны болған адамдар полицияның «102» арнасына, немесе «150» ұлттық жедел желісіне хабарласуына болады. Сондай-ақ, Атырау облыстық полиция департаментіндегі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің дағдарыс орталығына шағым бере алады», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 26 әйел мен 52 бала отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын https://kaz.inform.kz/news/atyrauda-26-ayel-men-52-bala-otbasylyk-zorlyk-zombylykka-ushyragan_a3981808 жазған едік.


Соңғы жаңалықтар