Отбасым менің байлығым әрі бақытым - Зейін Мұқашева

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Дүниенің нұры, өмірдің гүлі ананың қолында. Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді. Ана алдында бәріміз де борыштармыз. Бүгінде ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеріле түсуіне өз үлесін қосып келе жатқан қазақ әйелдері қандайда болмасын құрметке лайық.

Осы орайда, біздің кейіпкеріміз де ұрпақ тәрбиесіне атсалысып отырған ардақты ана, ұлағатты ұстаз Зейін Мұқашева ортасына сыйлы, өзінің қарапайымдылығымен, өнегелі ісімен танылған жан. Көп жасамаса да, көргені мен көкейге түйгені мол Зейін Мұқашева өзінің отбасын бақыты мен байлығына теңейді. Бүгінгі таңда Ақкөл ауданының Өрнек ауылында тұрып жатқан Талғатбек Аюпов пен Зейін Мұқашева ауылдағы ең үлгілі отбасылардың бірі. Отбасының ұйытқысы Зейін Ешмұқанқызымен сөйлесудің де реті келді. Бірден өзіне баурап алған ананың мейірімі мен шапағаты бір отбасының ғана емес, күллі әулеттің шырайын келтіріп тұрғандай.

1958 жылы Өрнек ауылында дүниеге келген Зейін Мұқашева көп балалы отбасынан шыққан. Әкесі ерте қайтыс болғандықтан, ауыл тіршілігімен етене араласып, анасына қолғабыс болды. Өзінен кейінгі сіңлілері мен інілеріне де барынша қарайласты. Әкенің мейірімінен ерте айырылған шиеттей балалардың ендігі өмірі қиын болатұғын. Бірақ кішкентай інілері мен сіңлілерінің қолтығынан демейтін өжет те өр мінезді Зейін бар еді. Осы тұстан бастап оның жауапкершілігі молая түсті. Шөп шабу, пішен жинау сынды жұмыстардың бел ортасында жүрді. Көкірегі ояу Зейін ауылдағы 10 жылдық мектепті бітірген соң, түлеп ұшқан білім ордасына орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Жұмыс істей жүріп, 1981 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша сырттай тәмамдады. Оның жауапкершілігін байқаған аудандық білім бөлімінің басшылығы Виноградов ауылына мектеп директоры қызметіне тағайындаған.

Әйел қауымына жар, ана болу жүктелген міндет. Отбасылық өмірдің мәніне бойлай түскен ол 1986 жылы құдай қосқан қосағы Талғатбек Зұлқашұлына тұрмысқа шықты. Бір сәтте қызметінен қол үзіп, ақ босаға аттады.

«Ана атану әрбір әйел үшін үлкен бақыт деп ойлаймын. Мектеп директоры болғанда қызмет емес, отбасы бар байлық екенін түсіндім. Алланың жазуымен Талғатбек екеуіміз отбасын құрдық. 1986 жылы дүниеге Фархад келді», - дейді кейіпкеріміз өткен өмірін еске алып.

Ақ босаға аттап, келін атанған соң Зейін ата-енесімен, абысындарымен бір шаңырақ астында тұрған. Үлкенді сыйлауды, инабаттылық пен ибалықты отбасынан бойына сіңіріп өскен ол күйеуінің әке-шешесі мен туыс-туғандарын әрқашан сыйлап өтуді өзінің парызы ретінде санайды.

Алла тағаланың адам баласын әрқашан сын сағатына салуы заңдылық. Осы орайда, тұңғыштары Фархад кішкентай кезінде аурудың азабын көп тартқанға ұқсайды. Бірақ қанша қиналғанымен, барлығына шыдамдылық танытқан отбасы бұл сыннан да сүрінбей өткен. Кейін ол дүниеге Фариза есімді қызды әкеліп, тағы да ана бақытына кенелген. Жан жары Талғатбек те текті әулеттің ұрпағы, өнегелі ұстаз. Екеуі қос бала тәрбиелеп, оларды адам қатарына қосқан бақытты ата-ана. Зейін Ешмұқанқызының айтуынша, өнегелі отбасынан үлгілі ұрпақ өседі.

Ол екі баланың ғана емес, жүздеген түлектің сүйікті анасы. Әлі күнге дейін шәкірттері ауылға іздеп келіп, өздерінің ризашылықтарын, ақ алғыстарын айтудан еш жалыққан емес. Балаға ең алдымен тәрбие беру қажет екенін айтқан ардақты ана отбасындағы басты құндылық адамгершілік дейді. Оның айтуынша, бала өз ана тілінде өсіп-жетілуі тиіс, өйткені ананың жүрегінде мейірім, аялы алақанында жылулық бар. Балаларын байлығына теңейтін кейіпкеріміз отбасында халқымыздың салт-дәстүрін де ерекше ұстанады.

«Өйткені, кез-келген қазақ ұлттық құндылықтарын ерекше құрметтеуге міндетті», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар