Отбасылық бапкерлік еңбек өтіліміз 70 жылдан асады – Сәуле Мухина

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда шаңғы спортымен кәсіби деңгейде айналысатын отбасы тұрады. Ерлі-зайыпты Александр, Сәуле Мухиндер шаңғы жарысынан ҚР еңбегі сіңген бапкерлер, ал олардың екі ұлы Ринат пен Александр ата-ананың ісін жалғастырып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Сәуле Түлкібайқызы, өзіңіз жайында, отбасыңыз жайында айтып берсеңіз.

- Біз Солтүстік Қазақстан облысына көрші Ақмола облысынан биыл қоныс аудардық. Үлкен ұлым Петропавлда екі жылдан артық жұмыс істеп жатыр. Күйеуім Александр Мухин биатлоннан бұрынғы Кеңес Одағының спорт шебері. Қазір биатлоннан республика құрамасын жаттықтырады. Өзім шаңғы спортындағы мансабымды аяқтасымен, спорт колледжін, университетті бітіріп, бапкерлік қызметке ауыстым. Үлкен ұлым Ринат Мухин шаңғы жарысынан Қазақстанның спорт шебері. 2017 жылы Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында алтыннан алқа тақты. Алматы қаласында өткен Универсиадада күміс жүлдеге ие болды. Азия ойындарындағы жеңісі үшін ұлыма және оның жаттықтырушылары ретінде бізге Петропавлдан үш бөлмелі пәтерді сыйға тартты. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Ринат шаңғы жарысы бойынша жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Кіші ұлым Александр да біздің жолымызды қуды, ол да кәсіпқой спортшы, ұлттық құрамада өнер көрсетіп жүр. Биыл Әлем чемпионатында төртінші келді.

- Баланы шаңғы спортына қай жастан бастап баулыған дұрыс?

- Мен бапкерлікті балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен бастадым. 7-8 жастағы тәрбиеленушілерім де болды. Баланы белгілі бір жаста беру керектігі ешқайда айтылмаған, яғни шектеу жоқ. Түрлі жастағы, физикалық деңгейі әртүрлі балалармен жұмыс істеп көрдім. Спортқа енді келген балалармен жұмыс істеген өте қызықты. Әрі баламен жұмыс істеу өте қиын. Оларға жүктемені дұрыс есептеп, нәтижені күту қажет. Ең бастысы баланың қызығушылығын жоғалтып алмаған жөн. Спорт бапкерлері әмбебап мамандар деп айтар едім. Өйткені олар алдына келген балаға жаттықтырушыдан бөлек, әрі тәрбиеші-педагог, әрі психолог. Кез-келген, тіпті білікті деген жаттықтырушы, баламен жұмыс істей алмайды. Олардың тілін таба білу керек, бір деңгейде сөйлесіп, бірақ соның өзінде беделден айрылмау қажет. Мұны педагогикалық шеберлік дейміз.

- Қазіргі тәрбиеленушілеріңіз кімдер, үміт артқан балаларыңыз бар ма?

- Петропавлға келіп, жұмыс істей бастағанымызға 3 ай ғана өтті. Шаңғы жарысы – кезеңдік спорт. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп еңбектену қажет. Бапкерлік қызметімде бірқатар чемпионды тәрбиеледім, тәрбиеленушілерім халықаралық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болды. Дүниежүзілік Универсиадада, Азия ойындарында шәкірттерім жеңіс тұғырынан көрініп, ҚР еңбегі сіңген бапкер атағын алдым. Қазіргі тәрбиеленушілерімнен зор үміт күтемін. Еңбекқор, алға қойған мақсаттары бар. Жақында болған бір оқиғаны айтып берейін. Облыстық деңгейдегі жарыс өтті, бұл – менің кей тәрбиеленушілерім үшін алғашқы спорт сайысы болды. Балалардың бірі жарыс барысында роллерімен шалына берді, одан таяғы сырғанап, қайта-қайта ыңғайсыздық тудырды. Мұны көрген екінші шәкіртім Даниал Тасбаев жаңағы балаға қарайлап, көмектесумен болды. Олар бұл жарыста бәсекелес еді. Соған қарамастан, Даниал адамгершілік танытып, көмектесті. Бұл жасөспірім отбасында жақсы тәрбие алған. Біз оның алда әлі қандай белестерге шығып, қандай жетістіктерге жететінін білмейміз. Бірақ оның жақсы адам болатынына сенімдіміз. Жүгіруге, секіруге, белтемірде тартылуға, шаңғы тебуге кез-келген адамды үйретуге болады, біздің мақсатымыз - спортшыда ең алдымен адами қасиеттерді қалыптастыру.

- Жақсы нәтижелерге қол жеткізуге не көмектеседі?

Менің пікірімше, жаттықтырушының басты қасиеттерінің бірі – жақсы психолог болу. Спортшы ең алдымен адам. Кез-келген адамның өз көзқарасы, ойы, жаны бар. Жаттықтырушы аспаз, дәрігер де бола алады, бірақ бірінші кезекте біз жаттықтырушы-мұғалім екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек. Осындайда айта кетерлік бір мәселе бар: бапкер бір жағынан диктатор, екіншіден кез-келген уақытта көмектесетін және түсінетін адам болғаны жөн. Жақсы жаттықтырушыда осы екеуі де болуы қажет. Бізге психикасы әлі толық қалыптаспаған, өзіндік ойы бар ұл-қыздар келеді. Бұл балаларды тура жолға салып, еліміздің нағыз азаматтары етіп шығаруымыз керек. Чемпион – сирек кездесетін қасиет. Кімнің таңертеңнен кешке дейін жаттыға бергісі келеді? Оның спортқа деген белгілі бір ыңғайы болуы қажет. Бәрі бірдей жетістікке жетуі мүмкін емес, бірнеше жыл жаттығып, кейін жоғары оқу орнына түсіп, жақсы маман болып шықса, бізді – жаттықтырушыларын ұмытпай, анда-санда еске алып отырса, мұның өзі жақсы.

- Жаттығулар қалай өтеді? Өңірде спорттың осы түрі бойынша нәтижеге жету үшін жағдай жасалған ба?

- Борки кентінде біздің спорт базамыз бар. Жаттығуымыз негізінен сол жерде өтеді. Балалармен күніне үш рет жаттығамыз. Алғашқысы таңғы сағат 7.00-де басталады. Облыстың шаңғы спортында әзірге мәселелер бар. Бірақ оны дамытуға, жоғары деңгейге жеткізуге өңір басшылығы бар жағдай жасап жатыр. Спорт жабдықтары сатып алынып жатыр, спортшыларды жиындарға жіберуге, жарыстарға қатысуына қаражат бөлінді. Спортшылармен жұмыс істеуге білікті мамандар шақырылып жатыр.

- Балаларын спорт үйірмелеріне беруді жоспарлап жүрген ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Әрине, спорт үйірмесінің үйге жақын болғаны дұрыс. Ата-аналарға балаларының жаттықтырушысымен танысуға кеңес беремін. Кім екенін, қайдан келгенін, қандай көзқарасты ұстанатынын білу маңызды. Көп жағдайда ересектерді үйірмелердің бағасы қызықтырады. Бірақ, қазір өңірде балаларға арналған секциялар тегін ғой. Екіншіден балада қызығушылық болуы қажет. Жаттығуға ол зордың күшімен келмеуі қажет. Жаттығу балаға қуаныш сыйлауы керек. Сонда нәтиже болады, соның ішінде білім алуға да құлшынысы артады. Ата-аналардың кейбірі спорт – баланың көп уақытын алады деп ойлайды. Жоқ, ол бәріне үлгеретін болады, өйткені спорт – тәртіпке, дербестікке үйретеді. Шынығып, иммунитеті жақсарады. Мінезі өзгеріп, ашылады. Сондықтан спорттың берері көп.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар