Отбасы күні: Елордада мектепте жанұялық флешмоб және спорттық жарыстар өткізілді
Отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара аясында «Біз біргеміз» атты отбасылық флешмоб және командалар арасында спорттық эстафеталық жарыстар өткізілді. Сонымен бірге оқушылар өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық таланттарын көрсетті. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.
«Өздеріңізге белгілі, Елбасы Н.Ə. Назарбаев «Отбасы күнін» белгілеп, отбасы құндылығына ерекше көңіл бөліп отыр. Әрине, бұл мерекелі күннің маңызы өте жоғары. «Отан отбасынан басталады» дейді халқымыз. Әр шаңырақтың береке-бірлігі балаға ерекше әсер етеді. Жылы жанұядан қоғамға берері мол мейірімді азаматтар өсіп шығады. Біз бала тәрбиесінде әрдайым ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеуді басты назарда ұстаймыз. Бүгінгі іс-шарамыз да соның бір көрінісі. Балалардың командамен жұмыс істеуге бейімделуі, өз отбасын қадірлеуі осыдан басталады. Салауатты өмір салтын ұстанып, ұрпаққа үлгі болатын ата-аналарымыз көп болсын!» - дейді мектеп директоры Бану Баймуратова.
Айта кетейік, 2013 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңына өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі - Отбасы күні болып бекітілген болатын.