Отбасы дағдарысы - әлемдегі ең өзекті проблема болып отыр - Наварра отбасылық институтының профессоры

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Отбасы дағдарысы бүкіл әлемде жайылған өзекті проблемалардың бірі болып отыр. ҚазАқпарат тілшісіне Испаниядағы Наварра отбасылық институтының профессоры Хавьер Эскрива Иварс осылай деді.

«Отбасылық өмірдің дағдарысы бүгін әлемнің қай елінде де бар. Тек кей мемлекеттерде отбасы құндылықтары көбірек бағаланса, кей елдерде отбасылық идеология әлсіз. Отбасын құрып жатқан адамдар өзінің жауапкершілігін сезіне бермейді. Ол күнде жұмыс жасауы керек. Өзінің жары отбасында үйлесімде сезінуі үшін өзімен көп жұмыс жасауы керек. Мысалы Еуропада үйленген жұптардың 20-24 пайызы дәм-тұзы жараспай ажырасып жатады. Сонымен қатар, Испанияда бала туу көрсеткіші өте төмен. Өйткені, испандықтар бала туудан гөрі мансабын, бойдақ өмірді қалайды», - деді Хавьер Эскрива Иварс.

Шетелдік профессордың айтуынша, Голландияда жалғызбасты аналар өте көп. Мұнда балалардың 30 пайызы тек аналарымен тұрады.

Ал Қазақстандағы статистика да көңіл көншітпейді. Айталық, жыл басынан бері 6 мың жұп отбасын құрса, 2 мыңы некесін бұзып үлгерді.

«Басқаша айтқанда, бізде әр үшінші жұп дәм-тұзы жараспай ажырасып жатыр. Бұл жастардың әлеуметтік-психологиялық даярлығының жоқтығын көрсетеді. Сондықтан, отбасылық құндылықтарды түсіндіретін мамандарды даярлау қажеттігі туып отыр. Бүгін Қазақстандағы отбасы институтының негізін қалау үшін С.Асфендияров атындағы медициналық университет пен Испаниядағы Наварра отбасылық инстиуты арасында өзара серіктестік жайлы меморандумға қол қойылды. Наварра институты әлемдегі үздік институттардың бірі екендігі рас. Енді бізде де білікті мамандар отбасын құруға кеңес беретін болады», - деді Алматы қалалық Жастар мәселесі жөніндегі басқарма басшысы Санжар Боқаев.

Соңғы жаңалықтар