Отбасы банкінде «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша қаржыландыруда қиындықтар болған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай елордада «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша қаржылындыру жалғасатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Отбасы банкке «Шаңырақ» бағдарламасына қатысу үшін өтінімдері мақұлданған қала тұрғындары жиналды. Олардың айтуынша, конкурстан өткендердің барлығы тиісті құжаттарын рәсімдеген. Сонымен қатар, оларға берілуі тиіс тұрғын үй кешенінің де құрылысы аяқталған. Алайда тұрғындар несиесін ала алмай жүр.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бастапқы жарна ретінде әкімдік 1,5 млн теңге сомасында бөлген сертификаттың мерзімі өтіп кетуі мүмкін. Бұл сертификат 15 жұмыс күні мерзіміне беріледі.

Өз кезегінде «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай сертификатқа қатысты таралған қауесет шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. Түрлі себептермен 15 күннің ішінде сертификат пайдаланылмаса, бұл құжатты қайтадан алу мүмкіндігі бар.

«Баспана кезегінде тұрған азаматтарды толғандырып тұрған мәселе белгілі. Олар конкурстан өтіп, төлем қабілетін растады. Енді несиені ала алмай, үйге кіре алмай жатырмыз деген уәждерін айтып жатыр. Жалпы, «Шаңырақ» бағдарламасы іске қосылған 2020 жылдан бастап 4 557 адам конкурстан өтті. Биылғы маусым айының ортасына дейін бағдарлама аясында ешқандай мәселе болмады. Яғни, конкурстан өткендердің барлығы баспаналарын алып келді. Алайда соңғы екі аптада кідіріс болды. Бөлінген ақшаға сәйкес өтінімдер қабылданды. Содан кейін біз бағдарлама аясында қайтарылған қаражат есебінен баспананы кезең-кезеңмен беріп жатырмыз», - деп түсіндірді Ж. Матай баспана кезегінде тұрған қала тұрғындарымен кездесу барысында.

Осы орайда ол тиісті тізім жасалғанын, оған сәйкес 47 адам пәтерін алатынын айтты.

«Конкурстан өткен адамдарды толғандырып жүрген тағы бір мәселе төлем қабілеттігіне байланысты болып отыр. Сіздер осыған дейін төлем қабілетін растадыңыздар. Енді алдағы уақытта төлем қабілеттігі талабынан өте алмаймын деп алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі, қазіргі мәселе бойынша сіздердің ешқандай кінәларыңыз жоқ. Банк ретінде тұрғындардың төлем қабілеттігі мерзімін ары қарай созамыз, яғни екінші рет құжат тапсырмайсыздар», - деді Жансұлтан Матай.

Бұдан бөлек ол алдағы уақытта қосымша қаржылындару мүмкіндігі болатынын айтты.

«Қазіргі кезде елімізде жаңа ұлттық жоба даярланып жатыр. Соның ішінде тұрғын үй құрылыс әрі коммуналдық қызметін дамыту туралы үлкен бөлім бар. Тұжырымдама мемлекеттік органдарда келісуден өтіп жатыр. Осы құжат бекітілгеннен кейін, бізде қосымша қаржыландыру көзі ашылады. Бұл тұрғыда салынған тұрғын үй кешенінен барлық адамдарға несие беріледі және оларға тиесілі пәтерлері тапсырылады. Қазіргі уақытта қаржыландыруда біршама іркіліс болды», - деді «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры.

«Қаржылындыру тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, тізімдегі адамдардың барлығы пәтерлерін алатын болады», - деді Жансұлтан Матай.

«Шаңырақ» бағдарламасы баспана кезегінде тұрғандарға жеңілдікпен несие беру мақсатында әзірленді. Оны жүзеге асыру үшін Отбасы банкіне 210 млрд теңге бөлінді. Қарызды 17 131 адам алған.


Соңғы жаңалықтар