Отбасы банкі аралық заем мөлшерлемесін өзгертеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отбасы банкі аралық заем мөлшерлемесін өзгертеді. Бұл жайында аталған қаржы институтынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылғы 15 мамырдан бастап Отбасы банкінде аралық заем бойынша сараланған сыйақының төмендетілген мөлшерлемелері қолданылады. Осыған дейін мөлшерлеме диапазоны жылдық 7 пайыздан 11,5 пайызға дейін (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 7,4 бастап) болған. Енді бұл дәліз 6-10 пайыз (ЖТСМ 6,2% бастап) аралығында белгіленіп, төмендейді. Кредит бойынша мөлшерлеме көлемі қаражатты депозитте жинақтау мерзіміне және оны толықтыру жиілігіне байланысты болады. Бұл өзгерістер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыру қағидаларына сай.

Бұл өлшемшарттарды бағалау үшін Отбасы банк бағалау көрсеткішін (әрі қарай-БК) қолданады. Бағалау көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, несие бойынша мөлшерлемесі соғұрлым төмен болады», - деп атап банктен.

Осы уақытқа дейін Отбасы банктегі депозиттеріне алдын ала қаражат жинамай, тұрғын үй құнының 50 пайыз бірден салған клиенттер 11,5 пайызды құрайтын ең жоғары мөлшерлемемен аралық тұрғын үй заемын алуға үміткер бола алатын. Бұл ретте БК мәні нөлге тең еді.

Енді банк жинақтау тәсілін өзгертеді. Аралық заем алу үшін БК-нің ең төменгі мәні 2,5-ға қол жеткізу қажет. Бұл мәнді депозитке тұрғын үй құнының 50 пайызын аударған сәттен бастап 3 ай мерзім өткеннен кейін ғана алуға болады. Тек содан кейін банк 10 пайызға тең болатын ең жоғарғы мөлшерлеме бойынша несие береді.

Келісім сомасының 50 пайызы салымға аударылған кезде, бағалау көрсеткішінің 2,5 болатын мәніне клиент 3 айда, 3,3-тен жоғары БК-ге 4 айда; 4,2-ден жоғары БК-ге 5 айда; 5-тен жоғары БК-ге 6 айда; 7-ден жоғары БК-ге 8,5 айда; 10-нан жоғары БК-ге 12 айда қол жеткізеді.

«Аралық заемдар Отбасы банк салымшыларының арасында жоғары сұранысқа ие. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 79 872 несие берілген, оның 68 пайызы – аралық заемдар. Мұндай кредиттердің мәні нөлдік БК-мен берілген. Яки қарыз алу кезінде клиенттің қаражаты депозитте жинақталмайды, сондықтан жүйеде жұмыс істемейді деген сөз. Бұл ретте жинақтау және қарыз беру балансы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі басты қағида. Клиенттердің бірі қаражат жинақтап жатқанда, басқалары қарыз алады. Бұл жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қаражатын жинақтай білген салымшыларға төмен мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтеді банктен.


Соңғы жаңалықтар