Отбасы банк пен Семей қаласының әкімдігі «Абай жастары» бағдарламасын іске қосты

None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Абай облысында жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол 35 жасқа дейінгі Семей қаласының тұрғындарына барынша тиімді шарттармен баспана сатып алуға көмектеседі.

«Абай жастары» бағдарламасына жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтар қатыса алады. Сондай-ақ өтініштер дәрігерлер, мәдениет және спорт қызметкерлері мен журналистерден қабылданады.

Қатысушылар үшін несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылдық 5% тең болады. Заемның ең жоғары сомасы – 15 млн теңгеге дейін. Алғашқы жарна баспана құнының кем дегенде 10% тең болуы керек. Несие 19 жылға дейін беріледі.

Қолжетімді несиелендіру бағдарламасын жүзеге асыруға Семей қаласының әкімдігі 573 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Оның көмегімен Отбасы банк «Абай жастары» қатысушыларын несиелендіретін болады.

Бағдарламаға қатысуды көздеген тұрғындар Абай ауданы, Семей қаласының Тұрғын үй инспекциясы бөліміне өтініш бере алады. Мекен-жайы: Шмидт көшесі 9/1, 1-қабат. Өтініштер 2022 жылдың 22 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 12 қаңтарына дейін қабылданады.

Өтініш беру үшін өзіңізбен бірге жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы анықтама (бағдарламаға қатысушы және отбасы мүшелері үшін), соңғы 1 жылдағы зейнетақы жинақтары туралы анықтама (оны egov.kz сайтынан алуға болады), неке немесе ажырасу туралы куәлікті, балалардың туу туралы куәлігін, жұмыс орнынан анықтама (қызметтік бланкіде немесе ұйымның мөрімен расталған, лауазымы, жұмыс мерзімі, жалақысы көрсетілген) және еңбек өтілін растайтын құжаттарды алып келу қажет.

«Абай жастары» бағдарламасының қатысушыларына қойылатын талаптар:

1. Өтінім берген кезде қатысушының жасы 35 жастан (қоса алғанда) аспауы керек.

2. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы.

3. Зейнетақы салығын міндетті түрде төлей отырып, таңдалған салада кемінде соңғы 6 ай ресми жұмыс өтілі және (немесе) жеке кәсіпкер мәртебесінде кемінде алты ай тіркеуі болуы қажет.

4. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Жеңілдікпен несие алатын үміткерлер пулына бағдарлама талаптарына сай келетін әрі ұпай санын көп жинаған қатысушылар кіретін болады. Ұпайларға некеде тұрған жылдар саны, балаларының бар-жоқтығы, жұмыс өтілі сияқты жайттар есептелетін болады.

Сондай-ақ Семейде өрт сөндірушілерге арналған аймақтық тұрғын үй бағдарламасы қолға алынуда. Бірінші кезеңде жергілікті әкімдік оны несиелендіруге 90 млн теңге бөлуде. Несиені Отбасы банк беретін болады.

Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 5% болады. Егер бағдарламаның болашақ қатысушысы тұрғын үйді алғашқы нарықтан сатып алуды жоспарласа, онда ол үшін бастапқы жарна 0%-ға тең болады. Ал егер үй немесе пәтер қайталама нарықтан сатып алынса, онда бастапқы жарна 10% құрайды. Несиенің максималды сомасы – 10 млн теңге.


Соңғы жаңалықтар