Отбасы бақыты бәрінен де жоғары - Әйгерім Әубәкірова

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Даланың жұмысы, үйдің шаруасы дегендей, бұл өмірде отбасының ұйытқысы әйел затына оңай емес. Әсіресе, отау құрмай жатып, ажырасып кеткен жастарға қалай қарның ашса, берекелі де бақытты өмір сүріп жатқан олардың қатарластарына сүйсіне қарайтынымыз сөзсіз. Осы орайда, отбасы дегенде Көкшетауда тұрып жатқан жаста болса, үлгілі жұп саналатын Әубәкіровтердің жанұясы бірден ауызға оралады.

...Оңтүстік өңірден сайын дала Сарыарқаның төсіне арман қуып, оқуға келген Әйгерім Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің соңғы курсында оқып жүргенінде көкшетаулық жігітпен сөз байласып, ақ босаға аттайды. Келін болып түскен күннен бастап енесінің айтқанын екі етпеген ол осы кісіден көп нәрсе үйренген. Ата-енесінің қолында тұратын жас отбасылардың шаңырағында Дидарбек, Айдарбек есімді екі ұл өсіп келеді. «Қойшының - таяғынан, келіннің - аяғынан» деген қазақта аталы сөз бар. Әубәкіровтер отбасына түскен келінді барлық туған-туысқаны қадір тұтатын көрінеді. Нағашы әжесінің тәрбиесін көрген Әйгерім отбасы бақытын бәрінен де жоғары қояды. Кейіпкердің өзімен сөйлескенімізде соған анық көз жеткізе алдық.

«Келін болып түскеніме 9 жыл. Отбасы болған соң, шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды, әрине. Бірақ ата-енеммен қатты сөзге келген сәттерім болған жоқ. Жолдасымның әке-шешесін өзімнің туған ата-анамдай көріп, сыйлаймын. «Атаңа не қылсаң, алдына сол келер» демекші, үлкендерді құрметтеуге тиіспіз. Олар да мені қыздарындай көріп, бір ауыр сөз айтып көрген емес. Ата-енем ақыл айтқанда сабырмен тыңдап, көңіліме тоқып отыруға тырысамын. Өйткені, жасы үлкендердің әр сөзінде үлкен мән жатыр. Бізді жаман болсын демейтіні анық. Жолдасым екеуміз күні бойы жұмыстамыз. Балаларға қарайласып, мектепке апарып, қолғабыс ететін де осы ата-енем. Басында рас, екі жылдай бөлек тұрдық. Балаларды балабақшаға апарудың өзі қиынға соқты. Үлгере алмай жүрдік, содан жарыммен ақылдаса отырып, ата-енеміздің қасына қайта бардық», - дейді Әйгерім.

Ұлдарының үлкені Дидарбек екінші сыныпқа барса, Айдарбек даярлық тобында оқиды. Алтын құрсақты аналардың ізін жалғап, ұрпақ санын көбейтуге атсалысу да ойында бар Әйгерімнің. Өзі қазір балабақшада тәрбиеші болса, жолдасы Асылбек Әубәкіров полицияда қызмет істейді. Ұжымдағы әріптестері де сәби жанын жүрегімен ұғынған Әйгерімнің кішіпейілдігі мен тәрбиелігіне тәнті. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» демекші, Әйгерімнің абысындарымен де татулығы жарасқан. Осындай отбасылар жас келіндерге үлгі болса игі.

Соңғы жаңалықтар