OTAU TV ұлттық спутник желісінің құрылғанына 10 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - OTAU TV ұлттық спутник телерадио хабарын тарату желісінің пайда болғанына 10 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook парақшасында жазды.

«Осыдан 10 жыл бұрын 2011 жылдың 18 қаңтарында елімізде OTAU TV ұлттық спутниктік телерадио хабарларын тарату желісі өз жұмысын бастаған болатын. Содан бері OTAU TV спутник қызметі еліміздің барлық аймағына жоғары сапалы ақпарат таратып келеді. Бүгінде оны қолданушылардың саны 1,5 миллионға жетіп отыр. Халыққа хабар жеткізуді қамтамасыз ету ісінде «Қазтелерадио» мекемесі үнемі ізденіс үстінде. Бүгінде спутниктік және эфирлік телерадио хабарларын таратуды толық цифрландырумен қатар интернет-теледидар форматын да оңай игеріп, нәтижелі іске асырып келеді» деп жазады Аида Балаева.

Оның айтуынша, бұл мекеме 60-тан астам отандық телерадиоарналарды біріктіріп, еліміздің барлық аймағының кез келген нүктесіне сапалы әрі жылдам және ең бастысы тұтынушыларға тегін ақпарат жеткізіп отыр.

Әрине осындай ауқымды жұмыстың табысты іске асуы – қатардағы қызметкерлерден құралған үлкен ұжымның табанды еңбегі мен жүйелі жұмыстарының нәтижесі екені даусыз.

«Сондықтан «Қазтелерадио» АҚ ұжымын осы мерейлі даталық мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да қоғамға түрлі деңгейде хабар таратудың қолданыс аясын кеңейтіп, ұжымдық жұмыстарыңыздың әлеуеті одан ары арта берсін. Ел игілігін көздеген қызметтеріңізге толайым табыс тілеймін» деп түйіндеді сөзін министр.


Соңғы жаңалықтар