Отау құру ешқашан кеш емес: СҚО-да биыл 81-дегі ата үйленіп, 82 жастағы әжей күйеуге шыққан

None
Ашық көздерден алынған фото
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 845 жұп шаңырақ көтерді. Жыл басынан бері 228 жұп ажырасып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әділет департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл шаңырақ көтерген сегіз жұптың жасы неке жасынан, яғни 18-ден төмен болған.

Бойжеткеннің жүкті болуына байланысты олардың некесі тіркелді.

Шетел азаматтарымен жыл басынан бері 60 неке тіркелді. Былтыр мамандар осындай 210 жұпқа құжат берген.

Былтыр облыста 729 жұп ажырасса, биыл олардың саны – 228.

«Биыл ажырасып жатқан ерлердің орташа жасы 41 болса, әйелдерде – 38. Былтыр шаңырағы ортасына түскен ер адамдардың орташа жасы 33, келіншектерде 32 болды. Ал үйленгендердің орташа жасына келетін болсақ, ер адамдарда 34, әйелдерде 32 жас. Бүгінде жастар шаңырақ көтеруге асықпайтын болған. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын жігіттер 29-да үйленсе, қыздар 27 жасында тұрмыс құрған», - дейді СҚО әділет департаментінің бас маманы Эмилия Зуевич.

Биыл отау құрып, некесін тіркеткендердің ең егде жастағысы – 82-де. Әйел адам тұрмыс құрды, ал 81 жастағы ер адам үйленген.

«Шетел азаматтарының ішінде өңір тұрғындары негізінен ресейліктермен некеге отырады. Соның ішінде көрші мемлекеттен қалыңдық әкелетін ер адамдардың үлесі жоғары. Ал ажырасуға себептер әртүрлі, негізгілеріне тоқталар болсам – мінездің жараспауы, спирттік ішімдіктерге бейім болу, ерлі-зайыптылардың опасыздығы. Бір жағдайда егде жастағы ерлі-зайыпты ортақ келісімге келе алмай ажырасып кетті, әйелі қалада балаларымен тұрғысы келген, күйеуі ауылдан көшуге бас тартқан. Ал жастардың арасында ажырасуға әкелген ерекше себеп – әйелі күйеуін «Альфонс» деп көрсеткен», - дейді Эмилия Зуевич.


Соңғы жаңалықтар