Отандық жиһаз материалдарының 90%-ы импортқа тәуелді – кәсіпкер

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда жиһаз материалдарының 90%-ы сырттан келеді. Бұл туралы Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті Қанат Ибраев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемияға дейін 2019 жылмен салыстырғанда жиһаз материалдарының бағасы 2-3 есеге өскен. Ал кейбір материалдар 35% - 40%-ға дейін қымбаттады. Мысалы, бұрын жиһаз тақтайшасының бағасы 6-7 мың теңге тұрса, қазір ол 16-18 мыңға жетіп отыр. Бұл бүкіл Қазақстан бойынша. Сонымен қатар фурнитура бағасының тоқсан сайын өскенін байқап отырмыз. Қазақстандық жиһаз материалдарының 90 пайызы импортқа тәуелді», - деді Қанат Ибраев Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің есептік кездесуінде.

Оның айтуынша, пандемия кезінде Ресей плита материалын экспорттауға тыйым салды.

«Бұл күтпеген жағдай болды. Соңы бағаның өсуіне алып келді. Есесіне Ресей ішкі нарығын қамтамасыз етті. Пандемияға қатысты аласапыраннан Ресейдің өзінде де тапшылық болды. Ал Қазақстанға материалдың 96 пайызы осы ел арқылы келеді. Біз мәселені мемлекеттік органдар деңгейінде көтердік. Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері уақытылы қолдау көрсетті. Мәселені шешу үшін бөлінетін квотаның көлемін арттырды. Бүгінде материал тапшылығы жоқ», - дейді ол.

Бұған дейін Қостанайда 300 жүк көлігінің жүргізушісі жұмыссыз қалғанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің отырысы өтті.

Аталған жиында шетел инвесторларының Қазақстан нарығына аса қызығушылық танытып отырғаны айтылды.



Соңғы жаңалықтар