Отандық жас ғалымдар NASA-ның зерттеу жобаларына қатысуы мүмкін

None
Фото: facebook.com/QorqytAta
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Отандық жас ғалымдар NASA ғарыш агенттігінің Қазақстан және Орталық Азияда жүргізетін экологиялық зерттеу жобаларына қатысуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл – америкалық тараптың қолдауымен іске асып жатқан жоба. Қазіргі уақытта NASA-мен бірлесіп ғылыми жоба дайындап жатырмыз. Ол Арал теңізі тартылуының әлемдік климатқа әсерін зерттеуге бағытталады. Алдағы уақытта мұндағы жас ғалымдардың NASA ғарыш агенттігінің Қазақстан және Орталық Азияда жүргізетін экологиялық зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндігі бар», – деді Мичиган мемлекеттік университетінің (АҚШ) профессоры Джихуан Чен Қорқыт ата университетінің жас зерттеушілерімен кездесу барысында.

Отандық жас зерттеушілер профессор Джихуан Ченнің жетекшілігімен Қызылорда облысының аумағындағы далалық жұмыстарға қатысқан. Зерттеулер негізінен аталған аумақтың экологиялық мәселелерін анықтауға, оларды шешуге арналған.

Ғалымдар Қызылорда облысындағы өсімдік дүниесін зерттеуге ниетті. Облыстың 100 жыл бойындағы өсімдік дүниесіндегі өзгерістерді кестеге енгізбек. Ғалымдардың айтуынша, бұл алдағы жүзжылдыққа болжам жасауға септігін тигізеді.

АҚШ-пен бірлесіп іске асып жатқан зерттеулерге отандық 10 университеттің ғалымдары қатысып жатыр. Жоба құны – 38 мың доллар.


Соңғы жаңалықтар