Отандық және шетелдік инвесторлар іске асырып жатқан инвестжобалар пулы жарияланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда отандық және шетелдік инвесторлар іске асырып жатқан инвестициялық жобалар пулы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау аясында биылғы ақпан айында Қазақстанда іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы құрылды.

Үкімет инвестициялық жобалар пулын әзірледі, оған отандық және шетелдік инвесторлардың кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары енгізілді. Пулға шикізаттық емес секторларда 500 млн теңгеден басталатын, әр түрлі сатыдағы отандық және шетелдік инвесторлардың кәсіпкерлік субъектілерінің жобалары енгізілген.

Пул жалпы сомасы шамамен 24,14 трлн теңге болатын әлемнің 30-дан астам елінен 761 инвесторлар жобасынан тұрады және 108 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.

Жобалардың толық тізімі Сыртқы істер, Ұлттық экономика министрліктерінің, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен АХҚО ресми сайттарында қолжетімді.

Сонымен қатар салалар бөлінісінде жобалар бейінді министрліктердің сайттарында, өңірлер бөлінісінде қалалар мен облыстар әкімдіктерінің сайттарында жарияланған.

Жарияланған ақпаратта мынадай деректер ұсынылған: жобаның атауы, инвестор елі, іске асырылып бастаған күні және пайдалануға беру жоспарланып отырған күні, өңір, жауапты мемлекеттік орган, инвестициялар сомасы және жұмыс орындарының саны.

Жобалар туралы ақпарат жобалардың әр түрлі сатыларда дамуына байланысты тоқсан сайын жаңартылуы мүмкін.

Инвестициялық жобалардың бірыңғай пулымен мына сілтемеде таныса аласыздар.


Соңғы жаңалықтар