Отандық туризмге қойылатын сапа стандарттары жаңарады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев туризм саласындағы қызмет сапасының стандарттарын жаңарту жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі туризм сапасын жақсарту мақсатында халықаралық стандарттар негізінде бірқатар стандарт бекітілді. Бірақ, стандартпен жұмыс істеу туризм бизнесінің еркіне беріледі. Бизнес субъектілерін ерікті стандартқа сай жұмыс істеуге ынталандыру үшін «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы сапа стандарттарын насихаттаумен айналысады», - деді Серік Жарасбаев депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, кейбір стандарттарды жаңартып, жетілдіру қажет. Сондықтан да, қазір туризм саласы стандарттарына өзгерістер енгізу және қайта қарау бойынша ҚазСтандарт ұйымымен жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Туризм саласының қызметтері бойынша стандарттардың толық тізімі жасалды. Сонымен қатар, туристік қызметтердің сапасын арттырып, бизнес өкілдерін ынталандыру мақсатында ұлттық және халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келетін бизнес субъектілері үшін «сапа белгісі» пилоттық бағдарламасы іске қосылды», - дейді ол.

«Сондай-ақ, турбизнес өкілдері үшін көшпелі семинарлар ұйымдастырылып жатыр. Ішкі туризмнің онлайн академиясында бірқатар курс ашылды. Аталған шаралар туризм саласында сапаны арттыруға және жаңа туристік өнімдерді құруға ықпал етеді», - деп толықтырды С. Жарасбаев.


Соңғы жаңалықтар