Отандық туризм саласын цифрландыру ұсынылды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда «ZhetysuTravel» Халықаралық туристік форумы басталды. Елбасы Жолдауындағы міндеттерді және цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған шараға туризм саласындағы отандық және халықаралық, сарапшылар, өңірлердегі туризм басқармаларының өкілдері қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов «ZhetysuTravel» Халықаралық туристік форумының Талдықорғанда алғаш рет өтіп отырғанын атап өтіп, облыстың туристік тартымдылығына, тамаша табиғатына қысқаша тоқталып өтті.

«Бүгінгі шара еліміздің, соның ішінде облысымыздың туристік әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымын дамытуға өзінің зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы жақында жариялаған Жолдауында сыртқы және ішкі туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлуді, салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдауды тапсырған болатын. Осы ретте, мемлекеттік бағдарлама жобасына Алакөл көлінің жағалауы, Іле Алатауының тау кластері, Шарын шатқалы сияқты облыстың ірі туристік рекреациялық аумақтарын дамыту бағытындағы ұсыныстар енгізіліп, жоспарлары әзірленіп жатыр», - деп атап өтті Л. Тұрлашов.

Өз кезегінде Қазақстан Туристік қауымдастығының атқарушы директоры, Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова отандық туризмнің алдында тұрған бірнеше мәселені атап берді.
null 

«Халықаралық туризм нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін, ең алдымен, бұл салада бай тарихымызды, яғни Ұлы түрік өркениетін, мәдениетіміз бен салтымызды паш ете білуіміз керек», - деді Р. Шайкенова.

Сонымен қатар ол білікті кадрлар даярлауды, туристік нысандарды цифрландыруға жете мән беруді алдыңғы қатарлы мәселелерге жатқызды.

Р.Шайкенованың айтуынша, бүгінгі күні отандық туристік нысандардың 17% ғана өз қызметтерін жарнамалау мен сату каналы ретінде интернет пен әлеуметтік желілерді пайдаланып отыр. Яғни цифрландыруға кірісу туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі болуы тиіс.

Форумның пленарлық отырысынан кейін шара панелдік сессиялармен жалғасуда. Онда туристік ұйымдар мен сала мамандары «Туристік өнімдерді ілгерілету құралдары», «Туристік өнімді цифрландыру: коммуникациялар» тақырыптарын талқылап жатыр.

Сондай-ақ форум аясында ертең, 20 қазанда Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында Қазақстан халықтары ұлттық асханаларының «Той қазан» VI фестивалі ұйымдастырылады. Оған қоса, Zhetysu Travel орталығының ашылу салтанаты өтеді.

Жалпы, Алматы облысына келетін туристер легі жыл сайын 20-30% өсуде. Биылғы жылы өңірге табан тірейтін туристер саны 2 миллионға жетеді деп күтіліп отыр. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 31,3% көп. 2018 жылдың қорытындысы бойынша көрсетілген туристік қызмет 10,0 млрд теңге шамасында болмақ. Соңғы үш жылда туристік инфрақұрылымды дамытуға 15,7 млрд теңге мемлекеттік инвестиция бағытталған. Сонымен қатар жалпы құны 15,6 млрд теңге жеке инвестицияға салынған  туристерді орналастыруға арналған 102 нысан пайдалануға берілді. 
null null 

Соңғы жаңалықтар