Отандық сериал өндірушілерге салық жағынан жеңілдік беріле ме – Дәурен Абаевтың жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сапалы өнім шығару үшін отандық сериал өндірушілермен қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық сериал өндіру, түсіру саласына қарап отырсақ, біз шынында да, күрделі жолмен жүруді бастап кетіппіз. Отандық продюссерлік компаниялар сапалы сериал түсіре бастауы үшін барынша қолдау білдірдік. Сайып келгенде, ең оңай жол – дайын өнімді сатып алып, трансляциялау. Ал соншалықты үлкен саналмайтын 18 миллион адамы бар мемлекетте бұл бағыттағы нарықты дамыту – өзін-өзін ақтай бермейтін өнім. Ал біздің жағдайда мемлекет отандық өндірушілерді қолдауды шешті. Біз шынында да, барлық жағдайды жасап бердік. Екінші жағынан, бұл механизм жұмыс істей бастағанда қандай мәселелерді шешу керектігі де айқындала бастады. Мәселен, қазір бізге қымбат сериалдарды түсіру қиынға түсіп тұр. Себебі, біз тарифтік кестеге қараймыз. Ал бізге негізінен сметалық сипатқа маңыз берген абзал», - деді Дәурен Абаев елордада өтіп жатқан Astana Media Week шарасында.

Министрдің айтуынша, белгілі бір продюссерге ақшаны бере салып, тарихи сериал түсір деу аса оң жамбасқа келе бермейтін әдіс.

«Біз сериал түсіріліміне қажетті сомаға қарауымыз керек. Бұл бағытта үлкен жұмыс жүргіземіз деген ойдамыз», - деді ол.

Сонымен бірге, Дәурен Абаев шара барысында «Отандық сериал өндірушілерге салық жағынан жеңілдік беріле ме?» деген сұраққа жауап берді.

«Салық бойынша барлық сұрақтарды қазірдің өзінде талдап жатырмыз. Менің ойымша, жылдың соңына дейін бұл бағыттағы жағымды жаңалықтар болады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, егер осы іспен айналыспағанда, қосарлана жүретін мәселелерін де білмес едік. Жұмыс жүргізе бастағанда қандай мәселе барын ұғып, оларды шеше бастадық», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, елордадағы «Қазмедиа» орталығында үш күнге созылатын Орталық Азиядағы ең ірі медиа-оқиға — Astana Media Week өтіп жатыр. Astana Media Week-тің бірінші күні сериалдық өнімдерді әзірлеу және шығару тақырыбымен және салық преференциялары, кино прокатының шарттары, мазмұны, фильм өнімінің шығармашылық деңгейі және оның демеушілер үшін тартымдылығы тақырыбымен ерекшеленеді.


Соңғы жаңалықтар