Отандық парламентаризм тарихында жаңа кезең басталмақ - Сенат төрағасы Мәжіліс пен мәслихат сайлауы туралы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы лауазымына қайта сайланған Мәулен Әшімбаев өзінің қызметі, алдағы болатын Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарының сайлауына қатысты Facebook әлеуметтік желісінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сенат отырысына қатысты. Конституцияға сәйкес Президентіміз Палата төрағасы қызметіне кандидатураны ұсынып, маған зор сенім білдірді. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік. Әріптестерім Мемлекет басшысының ұсынысын қолдап, дауыс берді. Алдағы уақытта Президентіміздің және халықтың сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын»,-деп жазды Сенат төрағасы.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы жуырда Палата депутаттарының бір бөлігі сайланғанын және бірнеше сенатордың тағайындалғанын айтып, осымен Сенат құрамын жаңғырту үдерісі аяқталғанын атап өтті. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалардың нақты нәтижелерінің бірі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенаттың мемлекеттік басқару саласындағы рөлі айрықша екенін де тілге тиек етті. Мемлекет басшысы бүгінде Палата өз жұмысын абыроймен атқарып келе жатқанын және сенаторлар барлық реформаны жүзеге асыруға белсене атсалысқанын айтты. Мұндай баға бізді одан әрі ынталандырып, жұмысымызға тың серпін береді.

Отырыс барысында Президентіміз Сенаттың алдында тұрған негізгі мақсаттарды айқындап берді. Күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты нақты міндеттер жүктеді. Бұл ретте қолға алынған жаңа бастамаларды заңнамалық тұрғыдан уақтылы әрі сапалы түрде қамтамасыз етудің маңызы зор.

Мемлекет басшысы алдағы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына да тоқталып, аталған саяси науқан негізгі мемлекеттік институттарды кешенді түрде жаңғыртудың маңызды сатысы болатынын атап өтті. Осылайша, отандық парламентаризм тарихында жаңа кезең басталмақ.

Президентіміз мұнымен тоқтап қалмайтынымызды, алда әлі ауқымды жұмыс бар екенін айта келе: «Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныға түсті. Бұл реформалар билік институттары жүйесінің тепе-теңдігін қалыптастырады. Елдегі саяси үдеріске азаматтардың қатысуына жол ашады. Сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыра түседі», – деді.

«Жалпы, Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамда өркениетті саяси дәстүрді орнықтыру – негізгі мақсаттардың бірі. Ол үшін жоғары саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажет. Мұның бәрі – Қазақстанды тұғыры берік, экономикасы қуатты, рухы асқақ, бірлігі бекем мемлекет ретінде ұрпаққа табыстау жолындағы маңызды қадамдар. Сондықтан Парламент Сенаты алдағы уақытта осы бағыттағы басымдықтарға баса мән беріп, Әділетті Қазақстан құру бағытындағы белсенді жұмысын жалғастыра береді»,-деді Мәулен Әшімбаев.


Фото: facebook.com/m.ashimbayev


Соңғы жаңалықтар