Отандық өнімнің экспорттық әлеуетін қалай арттыруға болады - сарапшы пікірі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыруға жол ашады. Бұл туралы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты Әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері Бекжан Садықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жеңіл өнеркәсіп - Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы ең маңызды секторларының бірі. Қазіргі уақытта өндіріс көлемі 85,4 млрд теңгені құрайды. Бұл 2012 жылдың көрсеткішінен 2,5 есе артық», - дейді Бекжан Садықов.

Сарапшының айтуынша, жеңіл өнеркәсіп саласының өсуіне мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жеңіл өнеркәсіптің, атап айтқанда киім, аяқ киім және басқа да салалар үшін көптеген жобаларды дамытуға мүмкіндік беруде. Бұл ретте Бекжан Садықов ең жарқын және табысты мысалдардың бірі - «Glasman» ЖШС тігін фабрикасы екенін атап өтті. Компания импорттық өнімдерден кем түспейтін классикалық ерлер киімін және мектеп киімдерін халыққа ұсынады.

«Жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде 30 млн теңгенің бөлінуі зауыттың технологиялық желісін жаңғыртуға жол ашты. Ол компания, осылайша, өндірістік қуаттылықты арттырып, көрші елдерге, соның ішінде Ресей нарығына шығуға мүмкіндік береді. Тігін фабрикасының өнімдері қоршаған ортаға зиян тигізбейтін маталарды пайдаланудың арқасында жоғары сұранысқа ие және Орталық Азияда теңдессіз. Бұдан басқа, компания мүгедектерге қолдау көрсетіп, қайырымдылық көмекке де ерекше атсалысуда», - дейді ол.

Зауыт басшылығы сауда көлемін арттырып, қосымша 500 жұмыс орнын құру арқылы кәсіпорынның кірісін көбейтуді мақсат етіп отыр.

«Glasman» ЖШС мемлекеттік қолдаудың арқасында табысқа жеткен сәтті индустрия жобасының жалғыз мысалы емес. Қазақстан халқының арасында танылған басқа жобалар - «Mimioriki» ЖШС, «Казлегпром-Алматы» ЖШС, «Семирамида» ЖШС және басқа үлгілі компаниялар жетерлік. «Жол картасы - 2020» шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетігі болды. Еліміздегі киім-кешек пен тоқыма өнімдерін тұтыну көлемі жоғары. Бұл сұраныс отандық компаниялардың одан әрі дамуы үшін қолайлы жағдай жасайды», - дейді сарапшы.

Бекжан Садықов жоғарыда аталған бағдарламаны 2025 жылға дейін ұзарту амалы өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін арттыруды, жеңіл өнеркәсіпке 500 млрд теңге бөлуді көздейтінін алға тартады. Осылайша, алдағы уақытта жеңіл өнеркәсіптің өнімдері, атап айтқанда, киім және тоқыма өнімдері сыртқы нарықта кеңінен ұсынылатын болады.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев министрлер мен әкімдерге Қазақстанның өз өнімдерін насихаттауға шақырған болатын.

«Біріншіден, өзіміздің өнімдерімізді насихаттау керек. Бұл өз кезегінде отандық жеңіл өнеркәсіпті көтеруге ықпал етеді», - деген еді Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.


Фото: kisi.kz

Соңғы жаңалықтар