Отандық нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін «Мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға қажетті өзгерістер енгізу керек - Р. Халмұрадов

None
None
АСТАНА. Қазанның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Отандық нарықты жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін  «Мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға қажетті өзгерістер енгізу керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында еліміздің оңтүстігіндегі жанар-жағармай тапшылығы мен оның бағасының шарықтап өсуіне алаңдаушылық білдіріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Розақұл Халмұрадов осылай мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Үкімет басшысы былтырғы жылы еліміздегі мұнай өңдейтін 3 зауыттың да акцияларының 50 пайыздан артығы мемлекеттің қарамағында екендігін айтып, оларды басқару мүмкіндігі туралы сөз еткен болатын. Мұнай өндіретін мемлекет ретінде халықтың талабына жауап беру қажеттілігі туралы да мәселе көтерілген еді. Содан бері бір жыл өтсе де, биылғы көктемгі науқан мен күзгі жиын-терім қыза түскен шақта жиі қайталанатын жанар-жағармайдың ескі жыры тағы орын алды. Атап айтқанда, оңтүстікте жанармайдың бағасы шарықтау шегіне әлі жететін емес. Бас-аяғы бір-екі аптаның ішінде бензиннің бағасы 100-110 теңгеге көтерілсе, кейбір ауылдарда 140 теңгеге дейін жеткен», деді депутат.

Сонымен бірге, депутат қазақ жерінде өндірілетін «қара алтынды» жергілікті халық игілігіне жаратудың орнына шетелдік компаниялардың мұнайды сыртқы нарыққа көптеп шығаруға ұмтылып отырғанын да атап өтті. Оның айтуынша, отандық нарықтағы жанар-жағармайдың бағасы өз ішімізде емес шетелде реттеліп, шешілетін болып отыр. Сондықтан да, депутат мұнай өндіретін ірі мемлекет ретінде отандық нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету тетіктерін түбегейлі шешетін уақыт жеткенін атап өтті. «Бұл үшін мұнай және оның өнімдерін экспортқа шығарудағы кедендік баж салығын өзге елдердегі деңгейге дейін ұлғайту қажет. Қазақстанда сыртқа шығарылатын мұнай өнімдеріне салынатын баж салығы Ресейден 2,5 есе төмен. Ақыры біз Кеден одағын құрудамыз, ендеше салықты да Ресейдің мөлшеріне көтеру қажет. Сонымен бірге, ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін 10-12 млн. тонна мұнай қажет екен. Бұл жалпы өндірілетін мұнайдың 15 пайызы. Сондықтан тиісті мемлекеттік өкілдіктер мен әкімдіктер ірі мұнай компанияларымен өндірілген өнімнің 15 пайызын мұнай өңдейтін зауыттарға жеткізіп беруге, зауыттар делдалсыз тікелей стансаларға жеткізуге келісім шарт жасауы тиіс. Сондай-ақ  отандық нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді заңнамалық тұрғыдан түбегейлі шешу үшін  «Мұнай өнімдерінің айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға қажетті өзгерістер енгізу керек. Бұлай болмаса, келесі 2010 жылы да қызу науқан кезінде жанармайдың жыры қайталана беруі мүмкін», деді Р. Халмұрадов.

Соңғы жаңалықтар