Отандық машина жасаушылардың экспорт көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан машина жасаушыларының X Форумына құттықтау хатын жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін форумның ашылуында Премьер-Министр Әлихан Смайылов оқып берді.

«Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының X форумының ашылуымен құттықтаймын! Бұл – мемлекет пен бизнес өкілдерін осы саланы дамытудың тың тәсілдерін табуға жұмылдыратын беделді диалог алаңы. Елімізде өңдеу өнеркәсібіне және машина жасау ісіне қолдау көрсетіліп, қолайлы жағдай жасалып отыр. Соның нәтижесінде Қазақстан компаниялары жүк және жолаушылар вагондары, автокөлік, автобус, электровоз, трансформатор сияқты жаңа өнімдер шығаруды меңгеріп келеді», - делінген ҚР Президентінің құттықтау сөзінде.

Сонымен бірге, экспортқа бағытталған өндірісті дамытуға және жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға арналған бағдарлама жүзеге асырыла бастады. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданып, осы саланың негізі басымдықтары және даму бағдары айқындалды.

«Бүгінде отандық машина жасаушылар өз өнімдерін сыртқы нарыққа да шығарып жатқаны қуантады. Экспорт көлемі қазірдің өзінде 2 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл саланың әлеуетін толық пайдалану арқылы еліміздің экономикасын өркендетуге, технологиясын дамытуға және әлеуметтік өзгерістер жасауға жол ашылады деп сенемін. Баршаңызға толағай табыс тілеймін!» - дейді Қ. Тоқаев.

Айта кетейік, 22-23 қыркүйек күндері Астанада Қазақстан машина жасаушыларының X Форумы және машина жасау мен металл өңдеу жөніндегі «Kazakhstan Machinery Fair 2022» екінші халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді.

Форум машина жасау саласының өңірлік және халықаралық кәсіпорындары тап болып отырған сын-тегеуріндердің кең ауқымын шешетін пікірталас алаңы ретінде өзін танытты. Оның шеңберінде экономиканы әртараптандыру, импортты алмастыру және жаңа экономикалық саясат тетіктері талқыланады.


Соңғы жаңалықтар