Отандық көліктерді Өзбекстанға жеткізуге квота бөлу мәселесі талқыланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері Қазақстанда өндірілген автомобильдерді Өзбекстанға жеткізуге квота бөлу, қазақстандық ұн транзиті үшін өзбек тарапынан Ауғанстанға жеңілдіктер беру мүмкіндігін қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Рrimeminister.kz сайтында мәлім етілгендей, Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жәмшид Ходжаевпен кездесті.

Тараптар жеміс-көкөніс өнімдерін форвардтық сатып алу бойынша тетіктерді жасау, Қазақстанда өндірілген автомобильдерді Өзбекстанға жеткізуге квота бөлу, өзбек тарапының Ауғанстанға қазақстандық ұн транзитіне жеңілдіктер беру мүмкіндігі, әуе рейстерінің жиілігін арттыру және басқа да көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Екіжақты кездесу барысында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасына ерекше назар аударылды. Тараптар жыл соңына дейін жобаны іске асыруды бастау үшін құқықтық негізді қалыптастыру процесін аяқтауға келісті. Қазіргі уақытта әлеуетті қазақстандық инвестор халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасына басқарушы компания ретінде қатысуға және өз қаржыландыруы есебінен оны іске асыруға белсенді қызығушылық танытып отыр.

Еске салайық, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасы – алдағы 5 жылда Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу бойынша практикалық іс-қимыл жоспарының («Жол картасы») негізгі элементтерінің бірі. Жоба ұзақ мерзімді. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес 3 негізгі кезеңді және 20 нақты іс-шараны қамтиды.

Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда серіктесі. 7 айдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық 26,3% өсті.


Соңғы жаңалықтар