Отандық кәсіпорындар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 75% өндіреді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері отандық кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдерге деген қажеттілікті қамтамасыз етіп, өндірісті 34,1% арттырды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Отандық фармацевтика саласында 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрілік заттар, 41-і медициналық бұйымдар және 22-сі медициналық техника өндіреді. Бес мыңнан астам адам фармацевтика өнеркәсібінің тұрақты қызметін қамтамасыз етеді. Ірі өндіріс ошақтары еліміздің 4 өңірінде – Алматы мен Шымкент қалаларында, Алматы және Қарағанды облыстарында орналасқан. Олар дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісінің 75 пайызын қамтамасыз етеді», - деді министр.

Сала кәсіпорындарының тұрақты қызметі нәтижесінде 2019 жылы өндіріс көлемі 18 пайызға өсіп, 92 млрд теңгені құрады.

«Экспорт 69 пайызға артып, 59 млн АҚШ долларына жетті. Биылғы 8 айда отандық кәсіпорындар фармацевтикалық өнімдерге деген жоғары қажеттілікті қамтамасыз етіп, өндіріс 34,1 пайызға немесе 81,5 млрд теңгеге өсті. Инвестиция 5,2 пайызға артып, 4,1 млрд теңгені құрады», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар