Отандық кәсіпкерлер президент сайлауына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы үндеуін жариялады. Осыған байланысты «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердегі бизнестің басын қосып, басқарманың кеңейтілген отырысын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынды бастаған басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Президент үндеуінде ең маңыздысы - айқындық пен тұрақтылық екенін мәлімдеді.

«Қоғамға да, бизнеске де айқындық керек. Жоғарғы билік Конституцияға сүйеніп, заң негізінде қадам жасады. Президентіміз Елбасымен де, еліміздегі басқа да саяси күштермен, парламент, үкімет басшыларымен ақылдасқанын айтып өтті. «Атамекен» кәсіпкерлерді біріктіріп отырған ұйым болғандықтан, бизнеске ең бірінші тұрақтылық керек екенін айтқым келеді. Кәсіпкер үшін өз бизнесін дамыту, елдегі инвестициялық ахуалдардың оң болуы, ішкі бизнеске де, сырттан келетін бизнеске де елдің, қоғамның тұрақтылығы, ауызбіршілігі керек» - деді басқарма төрағасы.

Бүгінгі Президент шешімі - кәсіпкерлер тарапынан да қолдау табатын тура шешім. Өз кезегінде өңірдегі бизнес-қауымдастық өз пікірімен бөлісті.

«Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Жетпісбай Едігенов үндеудің уақытылы қабылданғанын айтты.

«Өз басым жылдам шешім қабылдағанды жақсы көремін. Неге десеңіз, зауыттың басшысы болған соң, кез келген шаруада нақтылық қажет. Бизнесті қолдауға бағытталған шешімдер жалғасын тауып, елімізде, тіпті отбасында тұрақтылыққа демеу болатынына сенімдімін. Бизнес өз кезегінде сайлауға белсенді атсалысуы керек», - деп ойын қорытты Жетпісбай Едігенов.

Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, «Отау Құрылыс» холдингінің басшысы Қайрат Молдасейітов шымқаланың кәсіпкерлері бұл шешімді бірауыздан қолдайтынын, бұл тек бизнес емес, бүкіл халық күтіп отырған шешім екендігін жеткізді.

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізу сондай-ақ инвестициялық климаттың тұрақтылығын қамтамасыз ететінін айтқан ақтөбелік «Көкжар» агроөнеркәсіптік тауар-шикізат биржасының басшысы Есімхан Құрманғазин шетелдік инвесторлар осы төңірегінде ой қозғағанын да атады.

«Бір-екі күн бұрын өңірдегі шетелдік компанияның директорымен болған кездесуде олардың тарапынан алаңдаушылық барын байқадық. Әрине, біз бизнес әріптестерімізге басталған әр іс жалғасын табатынын айттық. Елде тұрақтылық болса, инвестициялық климат да тұрақты болады. Соны бәріміз қалаймыз, қолдаймыз», - деді Есімхан Құрманғазин.

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі бизнес өкілі - «СемАз» ЖСШ бас директоры Әсемқан Досқожанов ақтөбелік әріптесінің сөзін қолдап, кезектен тыс Президент сайлауының инвестициялық климаттың дұрыс қалыптасып, жалпы елдің экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізетінін айтты.

«Атамекен» ҚР ҰКП өңірлік палата дирекциялары атынан сөз сөйлеген Нариман Әбілшайықов бұл шешім елдегі әлеуметтік-экономкалық тұрақтылыққа аса қажет екенін, халық болып сайлауға белсенді түрде қатысуға дайын екенін жеткізді.

Басқарманың кеңейтілген отырысында басқада өңірлердегі жиынға қатысқан кәсіпкерлер бірауыздан бизнес қашанда нақты әрі ашық шешімді таңдайтынын, әр жасалған қадам бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін, және де бұл ретте кезектен тыс Президент сайлауы - дұрыс шешім екенін атады.

Соңғы жаңалықтар