Отандық ғалымдардың арқасында Қазақстанда 253 жаңа өнім түрі шығарылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда отандық ғалымдардың арқасында 253 жаңа өнім түрі шығатын болады. Бұл туралы «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш жылдық қолдаудан кейін жобалық қуатын еңсерген соң біздің жобалар екі конкурс бойынша 253 жаңа өнім түрін шығаратын болады. Мен бұл ретте өткізілген үшінші конкурс туралы айтып отырған жоқпын. Ол өнімдердегі қазақстандық құрамның үлесі - 85 пайыз», - деді Әнуарбек Сұлтанғазин Астанада Сенат депутаттарымен кездесу барысында.

«Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасының айтуынша, осы жобалардың арқасында 951 жұмыс орны ашылады. Ол өнімдердің коммерциялық сатылымынан 30 млрд теңге түседі деп күтілуде.

«Яғни, өткізілген екі конкурс бойынша 95 жоба іріктеліп, ол жобалар шынайы көрсеткіштерді көрсететін болады», - дейді ол.

Еске сала кетсек, «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазиннің үш конкурстың нәтижесі бойынша мақұлданған жобаларға отандық бизнес өкілдері бұрынғыдан көбірек ақша бөле бастағанын хабарлаған едік.

«Алғашқы конкурсқа бар-жоғы 337 жоба келіп түсті де, соның нәтижесі бойынша 32 жоба қаржыландыру бойынша қолдау тапты. Ал 2017 жылы өткізген конкурсқа 502 жоба түсті. Олардың ішінде 72 жоба қолдауға ие болды. Сонымен қатар, үшінші конкурсқа 431 жоба қабылданып, оның 78-і іріктелді. Осылайша, іске асырылған жобаларды есептеп отырсақ, үш конкурс бойынша мақұлданған жобаларға бөлінетін қаражаттың 40,3 пайызын бизнес өкілдері аударған. Демек, бизнес қазіргі таңда Қазақстанда ғылыммен жұмыс істеуге болатынына сенді», - дейді Әнуарбек Сұлтанғазин.

Соңғы жаңалықтар