Отандық фермерлердің өнімін саудалайтын «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде нарықта шамамен 13 дамушы қазақстандық сауда алаңы жұмыс істейді. Kaspi.kz, flip.kz, chocofamily, mechta.kz басқа да маркетплейстерде тауарлар мен қызметтердің шамамен 20 санаты бар. Азық-түлік саудасын дамыту мақсатында «Onay Bazar» және «HHappyFood.kz» электрондық платформаларын дамытуға қолдау көрсетілді. Олар тұтынушыға үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға мүмкіндік береді. Мәселен, базардағы сәбіз 100 теңгеден сатылса, Onay Bazarда 85 теңге ғана тұрады. Фермерлердің отандық өнімді бәсекеге қабілетті бағамен сатуы үшін «Agro Labs» платформасы әзірленіп жатыр. Жалпы, сауданы цифрландыру азық-түлік бағасын төмендетуге, сондай-ақ баға белгілеуді ашық етуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз, - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар ол қоғамдық сауданы электрондық форматқа ауыстыру, азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мақсатында министрліктің қолдауымен «BTS Digital» компаниясы «PRICE SCANNER» қосымшасын әзірлеп жатқанын айтты.

«Мұнан бөлек, министрлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасы аясында «бір терезе» қағидаты бойынша шағымдарды қабылдаудың Бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды көздеп отыр. Бұл жүйе тұтынушыға интернет арқылы шағым беруге және өзінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді«, - деді министр.


Соңғы жаңалықтар