Отандық электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесі әділетті бәсеке кеңістігін қамтамасыз етеді – С. Ахметов

None
None
АНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - ҚР Қаржы министрлігінің бастамасымен еліміздегі мемлекеттік сатып алу жүйесі электрондық пішімге көшкендігі белгілі.

2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік сатып алу баға ұсынымдарын сұрату тәсілімен электронды түрде жүргізіліп келеді. Биыл мемлекеттік сатып алуды электронды конкурстар әдісімен өткізу ісі толыққанды жолға қойылды. Қазақстанда енгізілген осы заманауи тәсілдің тиімділігі кең көлемді әрі қарқынды қолданыс табады деп күтілуде. Сонымен қатар оn-line жүйесінде өткізілетін аукциондарды іске қосу жоспарланған. Келешекте қолданысқа енетін жаңалықтар жайлы жан-жақты ақпарат алу үшін «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС Басқарма төрағасы Сұлтанжан Ахметовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- 2012 жылдың екіншіжарты жылдығынан бастап Кеден одағына мүше елдердің мемлекеттік сатып алуының басым бөлігі электрондық пішімде өтетіндігі белгілі. Қазақстан соған дайын ба? Өзге қатысушылардың әзірлігін қалай бағалар едіңіз?

- Ортақ экономикалық кеңістік шеңберіндегі мемлекеттік сатып алу жүйесінің бірыңғай электрондық пішімін жасау тәжірибесін енгізу мен осы үлгіні іске қосуды Қазақстанның бірінші болып бастағандығын ерекше атап өткім келеді. Көп кешікпей Ресей өзінің электронды аукциондарын өткізе бастады. Қайткен күнде де Қазақстан бұрынғы кеңестік кеңістікте бірінші болып сатылымдардың электрондық пішімін қолдану әдісін енгізу бойынша бастама көтеріп, тез арада оны іске қосты. Электрондық коммерция орталығы Үкіметпен бірлесе отырып 2004-2005 жылдардың өзінде-ақ жаңа жүйе қолданысын жолға қоюды жоспарлап қойған болатын, бірақ белгілі бір себептерге байланысты дәл сол жылдары электронды жүйені іске қосудың реті келмеген еді. Қазір біз бұл жоспарды жүзеге асырдық және электрондық жүйенің жұмысы бүгінгі күні қуатты қарқын алуда, сол себепті Қазақстан ортақ экономикалық кеңістік аясында мемлекеттік сатып алу үдерістеріне батыл түрде араласа алады, біздің жүйеміздің әлеуеті оған толыққанды жетеді. Жыл аяғына қарай элкторонды конкурс өткізу жобасын іске қосамыз және бұл заманауи пішімнің әлемде баламасы жоқ. Сонымен қатар келер жылдан бастап Электронды аукциондар өткізу жобасын да жолға қоймақпыз. Жоғарыда атап өткенімдей, электронды аукциондар өткізу тәжірибесі Ресейде қолға алынған, ал конкурстарды электронды пішімде өткізу үлгісінің бір де бір баламасы жоқ екендігін тағы да қайталағым келеді. Ал Белорусия елі Ресей мен Қазақстан тәжірибесіне сүйенеді. Кеден одағының құрылу кезеңінде олардың өзіндік жүйесі болған жоқ, олар қазіргі таңда осы сала бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Мменің ойымша, Белорусия елі де көп кешікпей біздің қатарымызға қосылады.

- Мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңа үлгідегі электрондық пішімде іске қосу қаншалықты күрделі болды?

- Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру құралын жалпы алғанда іске қосу айтарлықтай қиынға соқпайды. Негізгі мәселе осы сала қатынастарын реттейтін заңдық құқықтық базаны жасауға келіп тіреледі. Ал бұл өз кезегінде біраз уақытты қажет етеді. Біз бұл жұмысты батыл қадамнан бастап кеттік десек артық айтақандық емес, себебі Қазақстанда құқықтық базаны әзірлеу мен жаңа жүйені енгізу ісі қатар жүргізілді. Біз алғашқыда электрондық сатып алу жүйесінің негізгі үлгісін іске қостық, содан оның тиімді жұмыс істейтіндігі айқын көрініп, нәтижелі дәлелдерге қол жеткізілген соң мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілуі қажетті өзгерістерді мүмкіндігінше тез арада әзірлей бастадық. Заңға енгізілген өзгерістер 2008 жылдың аяқ кезінде қабылданды және оларға әлі де түзетулер енгізілетін болады, себебі біз қазіргі таңда электронды түрде жүзеге асатын іскерлік қатынастарды жетілдіру үстіндеміз. Біз бір орында тұрмаймыз, даму мен өсудің сатысындамыз. Сондықтан жылдар өткен сайын электронды сатып алу жүйесінің жұмысы барысында жинақталған тәжірибе қандай да бір көнерген нормаларды туралауға, тиімсіздігі не қайшылығы анықталған жағдайда оны мүлдем алып тастауға мүмкіндік бермек. Бұл енді уақыт еншісінде, бизнес кеңістігінде жаңа бетбұрыс пайда болған сайын біз де оған бейімделуден жасқанбаймыз.

- Мемлекеттік сатып алуды электрондық пішімде өткізудің тиімділігі жайлы айтып берсеңіз. Отандық веб-портал қызметіне сұраныс бар ма?

- Электрондық мемлекеттік сатып алудың басты артықшылығының бірі - бюджеттік қаражаттың үнемделуі. Ол жоба іске қосылған кезеңнен бастап-ақ айқын көрініп отыр. Мысалы, электрондық кеңістіктің үш жылдық жұмыс қорытындысы бойынша тіркелген баға ұсынымдарын сұрату тәсілі арқылы жүзеге асырылған мемлекеттік сатып алу көрсеткішіне сәйкес жалпы алғанда 48 млрд. теңге үнемделді. Сондай-ақ ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында «Электрондық мемлекеттік сатып алу» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің тиімді жұмысы нәтижесінде 10 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражатын үнемдеу мүмкін болды. Электрондық пішімде мемлекеттік сатылымдарды жүзеге асыру кеңістігін қамтамасыз ететін отандық веб-портал қазақстандық және шетелдік өндірушілер мен жабдықтаушылар тарапынан үлкен қызығушылық танытып отыр. Соңғы айда веб-порталға кіріп, қызығушылық танытқандардың саны - 1,9 млн. адамды құраған. Олардың басым көпшілігі қазақстандықтар екендігін айтып өткім келеді. Сонымен қатар электрондық мемлекеттік сатып алу порталына Кедендік одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпкерлері де үлкен қызығушылық танытуда. Ағымдағы жылдың наурыз айында тіркелген көрсеткішке сәйкес, веб-портал қызметін 53 мың орыс және 5,8 мың украин кәсіпкерлері пайдаланған. Сондай-ақ Қытай, АҚШ, Германия, Молдова және Әзірбайжан елдері де қызығушылық білдірген. Шетелдік жабдықтаушылар аталмыш порталды негізінен жергілікті тұтыну нарығын зерттеу мен оған мониторинг жүргізу үшін пайдаланады.

- Ықтималды жемқорлықтың алдын алудағы электронды мемлекеттік сатып алу жүйесінің тиімділігі неде?

- Айта кетейін, біз электронды сатып алу жүйесін дер кезінде іске қостық. Жүйенің бірінші нұсқасы 2008 жылы дағдарыстың дүрбелеңі күшейіп, тіпті шарықтап тұрған шағында іске қосылды. 2009 жылы ол жұмыс істей бастады. Бұл - дәл осы кезеңде бұрындары ешқашан да мемлекеттік тапсырыс алуға қолы жетпеген орта және кіші бизнеске азды-көпті жағымды әсер етіп, мүлдем тоқырап кетпеуіне жағдай жасады. Бұл жағдайда біз бұрынғы жүйені меңзеп отырмыз, яғни бұған дейін әр мемлекеттік органның белгілі бір үйреншікті жабдықтаушы-компаниямен ғана жұмыс жасағандығын айтып отырмыз. Сатып алу қымбат та болса келісілген сома шеңберінен шықпайтын. Ал on-line жүйесінде жүзеге асатын сатып алу барысында ол мүмкін емес. Кез келген сәтте басқа жабдықтаушы өз бағасын ұсына алады, яғни бұл ретте жариялылық айқын білінеді. Әдетте мемлекеттік органдар тұрақты бір жабдықтаушымен ғана жымдасқан жұмыс жүргізетін, жаңа үлгідегі электронды сатып алу жүйесінің іске қосылуымен сол ескі байланыстардың тамырына балта шабылды. Қазіргі таңда электронды сатып алу жүйесін іске қосу нәтижесінде баламаға жол ашылды. Кез келген мекеме бағалар ұсынымдарын саралай отырып, қажетті өнімге қол жеткізе алады және кез келген жабдықтаушы өзі қалаған мекемемен келісімге отыра алады, яғни әділетті бәсеке, кең көлемді таңдау мүмкіндігі және еркіндік бар.

- Электрондық аукциондар жайлы айтып берсеңіз.

- Электрондық аукцион дегеніміз - тапсырыс берушінің тауарлар мен қызметтерді ең төменгі бағамен ұсынған жабдықтаушыдан сатып алуы тұрғысындағы мемлекеттік сатып алудың бір әдісі. Лоттың қорытынды бағасы on-line жүйесінде өтетін аукцион ережесіне сай баға төмендету кезінде анықталады. Баға ұсынымдарын сұрату тәсілі бойынша жүзеге асатын электронды мемлекеттік сатып алу кезінде 20-25 пайызға дейін, ал электронды конурс өткізу кезінде 5-10 пайызға дейін бюджеттік қаражат үнемделсе, аукциондар әдісі бойынша шамамен үнемделген қаржы 40 пайыз болмақ.

- Мемлекеттік сатып алудың электрондық үлгісімен жұмыс істеу барысында ақпараттық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

- Іс шаралардың барлығы электронды пішімде жүргізіледі, яғни жабдықтаушы тарапынан жасалатын ұсыныс пен оның белгілі бір мемлекеттік органмен қабылдануы сатыларындағы барлық іскерлік үрдістер автоматты түрде тіркеліп отырады, келісімге электрондық сандық қолтаңбамен қол қойылады. Электрондық сандық қолтаңба (ЭСҚ) - жасалған келісімді растайтын және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін криптографиялық кілт. Кілтте жасырулы ақпарат мөлшерін битпен есептеу келісілген. Қазіргі таңдағы кілттер 128 не одан да көп бит өлшемінен тұрады, яғни бұндай кілттердің қауіпсіздігі өте жоғары. Мұндай кілттерді бұзуға қуаты жоғары соңғы үлгідегі компютерлердің де шамасы жете бермейді. Егер ЭСҚ иесі өз қауіпсіздігіне мұқият болып, өзінің жеке USB - FLASH (флэшка) құрылғысын қолдан-қолға таратпаса, қолтаңбаны қолдан жасау мүмкін емес. Біз әр уақытта портал мен мәліметтер қорының қауіпсіздігін жетілдіріп отырамыз, осал тұстары анықтала қалған жағдайда, бірден қажетті шаралар қолданып ақаудың алдын алып отырамыз. Қазіргі таңда Кеден одағына қатысушы тараптар арасында қолтаңбаның барлығына ортақ үлігісі жасала ма әлде, барлық қатысушы мемлекеттерге өзге бір мемлекеттің қолтаңбасын мойындау шарттарын бекітетін ерекше үлгісі жасала ма, ол жағы әлі белгісіз. Бұл мәселе жан-жақты қаралып, тиімді жолы ойластырылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар