Отандық экспорттаушыларға шекарадағы кедергілерді анықтау жұмысы басталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық экспорттаушыларға шекарадағы кедергілерді анықтау жұмысы басталады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экспорт кезіндегі сауда процедураларын жеңілдету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сауда және интеграция министрлігі барлық өткізу пункттерінде бизнес процестер мен экспорт процедураларын талдау жұмысын қолға алды. Біз отандық өнім экспортын бөгейтін процедураларды анықтау мақсатында «құпия сатып алушы» ретінде өткізу пункттеріне бару тәжірибесін бастаймыз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, аталған іс-шара барысында уақытқа шығынға және процедураларға баса назар аударылатын болады.

«Жұмыс нәтижесі Үкіметке экспорттаушылар үшін шекарадағы ағымдағы жағдайды жақсартуға, экспорты ілгерілету үшін халықаралық стандарттарға сай ұлттық тәжірибені ретке келтіру бойынша ұсынымдар әзірлеуге көмектесетіндігі күтіледі», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар